Атырау тұрғындарына 1 мың дана «Жеңіс» лентасы таратылды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау тұрғындарына 1 мың дана «Жеңіс» лентасы таратылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жеңіс» лентасын тарату акциясын Атырау қалалық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды.

Лентада қазақ халқының ұлттық ою-өрнегі мен «Отан соғысы» ордені бейнеленген. Лентаның түсі – аспан түстес көк.

Бұл – тәуелсіз Қазақстан Республикасының Туымен түстес лента.

Аталған орталық жетекшісі Серік Қадыровтың айтуынша, Атырау қаласында «Жеңіс» лентасын тарату үшін бірнеше орын таңдалған.

Орталық белсенділері лентаны мұнайлы шаһардың «Авангард» шағын ауданында орналасқан соңғы аялдамада, теміржол вокзалы мен «Исатай-Махамбет» орталық алаңында, қаладағы ірі сауда-ойын сауық орталықтарында таратты.

«Бұл лента – Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің символы. Өйткені, біздің аталарымыз да қан майданда қар кешіп, мұз жастана жүріп, жаумен шайқасты. Оның ішінде майдан даласында қаза тапқандары да, Жеңіс күнін Берлинде, Еуропаның өзге қалаларында қарсы алғандары да бар. Отанды қорғаудың үлгісін танытқан аға ұрпақтың ерлігін ұмытпауымыз қажет. Бұл – отаншылдықтың жарқын үлгісі», - дейді орталық жетекшісі Серік Қадыров.

Тұрғындарға «Жеңіс» лентасын таратушының бірі – қала тұрғыны Самал Тасқынбаева.

Ол жыл сайын Жеңіс күнінде майданда қазақ тапқан боздақтардың рухына тағзым ету үшін «Мәңгілік алау» монументіне келеді.

«Біз бүгінгі бейбіт күніміз үшін майдан даласында опат болған боздақтардың рухына мәңгі қарыздармыз. Жыл сайын осы лентаны қолыма ұстағанда, жанымды қоярға жер таппаймын. Өйткені, майдан даласынан оралмаған боздақтар болашақ ұрпағының бейбіт өмірі үшін жанын қиды ғой. Кейбірінің артында ұрпақ та қалмады. Сол себептен, біз қан майданда қаза тапқан қазақ жауынгерлерінің қайталанбас ерлігіне, өшпес рухына бас иіп, құрметімізді көрсетуіміз керек. Бүгін «Жеңіс» лентасын әкеме де әкеліп бердім», - дейді Самал Тасқынбаева.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын бала кезінде концлагерьде тұтқында болған 91 жастағы кейуана Атырауда тұратынын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар