Атырау тұрғындары ауадағы сасық иіске шағымданды

None
Фото: pinterest.co.uk
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау қаласының тұрғындары ауадағы сасық иіс туралы шағым айтып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тұрғындар Іnstagram әлеуметтік желісінде сасық иістен жүрек айнып, бас айналғаны жөнінде жазып жатыр.

Атырау қаласының үш тұрғыны облыстық экология департаментіне шағым берген.

Қала тұғындарының бірі Лаура Сүлейменова өзге өңірге көшу мәселесін ойластырып жүргені туралы видео жүктеді.

«Қолайсыз экологиялық жағдайға байланысты Атыраудан көшу жайлы алғаш рет ойландық. Соңғы онжылдықта Атырауда күкіртті сутектің иісі тұрақты қайталанады. Біз үнемі терезелерді жауып, ауа баптағышпен дем алуға мәжбүрміз. Үйде ауа тазартқыштар үнемі қосылып тұрады. Өмір сапасы туралы не айтуға болады? Менің экология департаментіне демаршым шығарындылардың шығу көзін анықтауға қатысты болды. Мен қала тұрғындарын осы экологиялық геноцидтен құтқару үшін шара қабылдауды талап етемін», -дейді Лаура Сүлейменова.

Ауадағы сасық иіске байланысты Атырау мұнай өңдеу зауыты төмендегідей ақпарат таратты.

«Атмосфералық ауаның сапасын бақылау постының деректеріне сәйкес 28 наурызда күкіртті сутек бойынша шекті рұқсат етілген концентрация нормативтерінің асып кеткені тіркелді. Зауыт штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын хабарлаймыз. Жел солтүстік-батыстан, яғни Атырау қаласынан зауытқа қарай соғып тұр. Демек, Атырау мұнай өңдеу зауытының өндірістік процесі - жағымсыз иістің көзі емес», -деп хабарлады зауыттың қоғаммен байланыс бөлімі.


Ал, облыстық экология департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, «Квадрат» булану алаңындағы ауа сапасын тексеру басталған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау мұнай өңдеу зауытына бір жылда 100 млн теңгенің айыппұлы салынғанын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар