Атырау театры халықаралық фестивальдің бас жүлдесіне ие болды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атыраулық Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының ұжымы халықаралық фестивальдің бас жүлдесіне ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Театр директорының орынбасары Нұргүл Құмарқызының айтуынша, Түркияның Анталия қаласында өткен ХІ халықаралық театр фестиваліне әлемнің әр елінен 24 өнер ұжымы қатысқан.

Соның бірі – Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры. Атыраулық әртістер фестивальге қазақтың көрнекті жазушысы, драматург Рахымжан Отарбаевтың «Жалғыздық» драмасын ұсынған. Режиссері – Мұқанғали Томанов.

«Фестиваль аясында өнер көрсеткен театрларға арнайы жүлделі орындар берілген жоқ. Бірақ, драматургтер мен режиссерлер 24 өнер ұжымының арасынан Анкара, Анталия, Испания және Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының сахналық қойылымын үздік деп таныды. Ал, біздің театрдың әртістері сахналаған «Жалғыздық» қойылымы «Ең үздік спектакль» аталымында бас жүлдені иеленді» -дейді Нұргүл Құмарқызы.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атыраудың жастар театры халықаралық фестивальдің бас жүлдесін иеленгенін хабарлаған едік.



Соңғы жаңалықтар