Атырау полициясы Құлсары қаласының экс-әкіміне қатысты іс қозғады
2022 жылғы 20 мамыр 19:20

Атырау полициясы Құлсары қаласының экс-әкіміне қатысты іс қозғады

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау полициясы Құлсары қаласының бұрынғы әкіміне қатысты тергеуді бастады. Қазір Қаржау Шарғабаевтың жүрген жерін анықтау іс-шарасы атқарылып жатыр. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін, 20 мамырда Атырау қаласындағы «Көктем» шағын ауданында белгісіз адамдар өзін Құлсары қаласының бұрынғы әкімі Қаржау Шарғабаев деп таныстырған азаматты полиэтилен орамадағы ақ түсті ұнтақпен ұстап алғаны туралы видео таратты. Видео авторы ақ ұнтақтың есірткі заты екенін айтады. Аталған дерекке қатысты Атырау қалалық полиция басқармасының №2 бөлімі ҚР Қылмыстық кодекстің 296-бабының 2-бөлігімен тергеу амалдарын бастады. Қазір Жылыой ауданының 41 жастағы тұрғыны Қаржау Шарғабаевтың жүрген жерін анықтау үшін арнайы іс-шара жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Кейін Facebook желісінде Қаржау Шарғабевтың 19 мамыр күні Томарлы ауылында белгісіз 7-8 адамның өзін ұрып-соғып, телефонын тартып алып, қорқытып видеоға түсіргені туралы бейнеүндеуі жарияланды.

«Бұл дерекке байланысты ҚР Қылмыстық кодексі 293-бабы 2-бөлігінің 1-тармағымен тергеу басталды», - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.


Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT