Атырау полициясы 60 адамға іздеу жариялады

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының полиция департаменті 60 адамға іздеу жариялады. Оның ішінде із-түзсіз жоғалған 19 адам мен 41 қылмыскер бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының ақпаратына қарағанда, 19 адам із-түзсіз жоғалып кеткен.

Оның ішінде Атырау қаласынан 6, Жылыой ауданынан 3, Мақаттан – 3, Индерден – 3, Құрманғазы, Махамбет және Қызылқоға аударынан бір-бір адамнан бар.

Түркістан облысының бір тұрғынына да іздеу салынған.

Индер ауданының бір тұрғыны 2000 жылы із-түзсіз жоғалып кеткен.

Ал, Мақат ауданының 51 жастағы тұрғыны Шымкент қаласынан былтырғы 1 маусымда Доссор кентіне келмек болған. Алайда, тұрғылықты мекенжайына жетпеген.

Сондай-ақ, қылмыс жасаған 41 адамға іздеу жарияланып отыр.

Қылмыс жасады деген күдікке ілінгендердің дені – ер адам. Арасында екі әйел бар. Оның бірі 1973, екіншісі 1997 жылы туған.

Іздеудегі күдіктілердің үлкені – 65 жаста болса, ең жасы – 2001 жылғы жігіт.

«Атырау облыстық полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасымен қылмыскерлер іздестірілуде. Іздеуде жүрген азаматтарға қатысты қандай да бір ақпарат білсеңіз, дереу полицияға +7 705 241 5236 немесе 102 телефоны арқылы хабарлау сұралады», -деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысының полицейлері іздеуде жүрген 80 қылмыскерді ұстағанын хабарлаған болатынбыз.

Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылдардан бері 113 қылмыскерге іздеу салынған.

Былтырғы қарашаның соңына дейін 80 күдікті ұсталған.


Соңғы жаңалықтар