Атырау полицейлері көпірден секірмек болған 38 жастағы ер адамды құтқарды
2021 жылғы 3 желтоқсан 21:01

Атырау полицейлері көпірден секірмек болған 38 жастағы ер адамды құтқарды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау полицейлері көпірден секірмек болған ер адамды құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, оқыс оқиға 1 желтоқсанда болған.

«Сол күні сағат 1:50 шамасында 38 жастағы тұрғын Атырау қаласының «Балықшы-Жұмыскер» бағытындағы көпірден секіруге оқталған. Оны учаскелік полиция инспекторлары байқап қалған. Олар суицид туралы жақын маңдағы учаскелік полиция инспекторларына радиоқабылдағыш арқылы хабарлап, көмекке шақырған. Тәртіп сақшылары, полиция капитандары Нұрбаба Калидуллин, Бекежан Сабиров, Ғалым Кабделов, Мейрамбек Қангерейұлы және полиция аға лейтенанты Ораз Тажікеновтің қырағылығының арқасында ер адам санаулы минутта құтқарылды», -дейді облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қамза Үмбетқалиев.

Өзіне қол салмақ болған ер адамды құтқарған полицейдің бірі Мейрамбек Қангерейұлының айтуынша, кез келген тәртіп сақшысы мұндай жағдайға тап болғанда тез арада көмек беруді ғана ойлайды.

«Көпірдің жақтауындағы темірден ұстап тұрған ер адамды байқадым. Түнгі мезгіл еді. Қыстың бірінші күні, темірдің суықтығына шыдай алмай, көпірге секіріп кетсе, жағдай ушығатынын түсіндім. «Темірден жіберме, ұста, қолыңнан ұстайын ба? Қолыңды маған соз» дей бердім. Екінші әріптесім «Бұлай жасама, бауырларыңды ойла, ата-анаң бар, сені үйде күтіп отыр» деп жатты. Осындай сәтте полицейлердің моральдық-психологиялық дайындығы аңғарылады. Себебі, қызмет бабында мен және менің әріптестерім түрлі қауіп-қатерге тап боламыз. Сондай қиын сәтті ұзақ уақыт ойталқысына салатын кездер де болады», - дейді полиция капитаны Мейрамбек Қангерейұлы.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын 700-ден астам атыраулық жүргізуші көліктеріне ксенон таққанын жазған едік.


Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT