Атырау полицейлері браконьерлерден 500 келіден астам бекіре тәркіледі

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау полицейлері «Бекіре – 2022» балық қорғау акциясы кезінде браконьерлерден 500 келіден астам бекіре тәркіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Нұрхат Оразбаевтың мәліметінше, тәртіп сақшылары 1 сәуірден бері 1 тонна балық тәркілеген. Оның ішінде 500 келіден астам бекіре бар.

​«Биылғы 1 сәуірде Жайық-Каспий бассейнінің су айдындарында «Бекіре – 2022» кең ауқымды балық қорғау іс-шарасы өтіп жатыр. Аталған іс-шара құқық, табиғат қорғау органдарымен бірге жойылып кетудің алдында тұрған бағалы бекіре тұқымдас балық түрлері пен балық өнімдерінің заңсыз айналымын анықтау, алдын алу және жолын кесу үшін өткізіліп жатыр. Іс-шараға байланысты «Атырау-Ресей Федерациясының шекарасы», «Атырау-Ақтөбе», «Атырау-Орал» және «Атырау- Индер» бағытындағы республикалық, облыстық маңызы бар жолдарда, Каспий теңізінің, Жайық, Қиғаш өзендерінің жағалауында 39 жылжымалы мобильдік топ қызмет атқаруда. Заңсыз балық аулаудың жолын кесу үшін Жайық өзені жағалауына 19 бейнебақылау камерасымен бақылау жүргізіліп отыр. Заңсыз балық аулаушыларға қатысты 18 қылмыстық іс қозғалды. Оның ішінде 2 іс ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабымен (Балық ресурстарын заңсыз аулаумен), ал, 16 іс 339-бабымен (Жануарлардың сирек кездесетін түрлерімен заңсыз айналысу) тергеліп жатыр», дейді Нұрхат Оразбаев.

Оның айтуынша, полиция қызметкерлері 28 сәуірде 36 жастағы әйелдің тұрғылықты мекен-жайына тінту жүргізген. Сол кезде 15,8 келі бекіре тұқымдас, 5 келі қара балық тәркіленген. Қазір аталған дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 339-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Еске сала кетелік, бұған дейін браконьерлерден 1 тоннаға жуық бекіре тәркіленгенін хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар