Атырау перзентханасында 3 жасқа дейінгі ерекше балаларды оңалтатын орталық ашылды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау қалалық перзентханасында 3 жасқа дейінгі ерекше балаларды оңалтатын орталық ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қамқорлық қоры» ҚҚ директоры Арайлым Еркінованың айтуынша, орталықта нейро-ортопедиялық сырқаты бар 3 айдан 3 жасқа дейінгі балаларға кешенді оңалту көмегі жүргізіледі.

«Қоғамда ерекше балалардың саулығын нығайтуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл орталықта сондай балаларды оңалту үшін жаңа әдістер қолданылады. Бұл ауруды ерте анықтауға, әсіресе ерекше балаларды өмірге бейімдеуге оң ықпалын тигізеді», - деді облыс әкімі Серік Шәпкенов.

«Қамқорлық» атауы берілген орталық медициналық, әлеуметтік және педагогикалық бағытта жұмыс істейді. Орталыққа шілде айынан бастап церебралды сал ауруына шалдыққан, шала туу, Даун синдромы, дамуында туа біткен ақауы, бұлшық ет дистрофиясы, жүйке жүйесі бұзылған және басқа да сырқаты бар балалар қабылданады.

«Мұнда әр сәбиді оңалтудың жеке жоспары жасалады. Оны невропатологтер, оңалту дәрігерлері мен педиатрлар, емдік дене шынықтыру нұсқаушылары, кәсіптік терапевтер мен логопедтер жүзеге асырады. Орталыққа балаларды оңалту үшін озық технологиялар ұсынылып отыр. Бұл – механотерапия және емдік дене шынықтыру залы, сенсорлық бөлме, иммерсиялық ванна, шунгит және тұз бөлмесі. Бұған қосымша есту және бас миын зерттеуге арналған диагностикалық жабдықтар орнатылды. Мұндай жабдықтар дамудың алғашқы кезеңіндегі бұзушылықтарды анықтауға, соған сәйкес оңалту бағытын әзірлеуге мүмкіндік береді», - дейді Арайлым Еркінова.

Еске сала кетелік, бұған дейін елордалық дәрігерлер Атырауда бір күнде 16 күрделі ота жасағанын хабарлаған едік.

Фото: Атырау өңірлік комуникациялар қызметі


Соңғы жаңалықтар