«Атырау-Орал» трассасында заңсыз ауланған 1 тонна бекіре тәркіленді
2020 жылғы 23 қыркүйек 15:53

«Атырау-Орал» трассасында заңсыз ауланған 1 тонна бекіре тәркіленді

АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Атырау облысында Батыс Қазақстан облысының екі тұрғыны 1 тоннадан астам бекіре балығымен ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облыстық Полиция департаментінің қызметкерлері «Бекіре» жедел-профилактикалық алдын алу шарасы кезінде «Атырау-Орал» тасжолында балық тиеген «Toyota Land Cruiser» көлігін тоқтатқан.

«Көліктен 345 дана бекіре балығы мен салмағы 200 грамм қара уылдырық табылды. Осыған байланысты Батыс Қазақстан облысының 28 және 29 жастағы екі тұрғыны ұсталды. Олар бағалы бекіре тұқымдас балықты заңсыз жолмен Атыраудан Орал қаласына жеткізбекші болған. Тәркіленген балықтың жалпы салмағы 1 тоннадан асады», - деп хабарлады департаменттен.

Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қылмыстық кодекстің 339-бабымен (Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) жүргізілуде.

Бағалы балықты заңсыз тасымалдаған БКО-ның екі тұрғыны қамауға алынды.


Ұқсас жаңалықтар
Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT