Атырау облысының үздік кәсіпкерлері анықталды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының үздік кәсіпкерлері анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы, «Атамекен» ҰКП-ның өңірлік палатасы мен «Атырау облысының кәсіпкерлері мен жұмыс берушілер одағы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған «Жыл кәсіпкері» байқауының үздіктері марапатталды. Үздік кәсіпкерлерге жүлдені облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Айдарбеков тапсырды.

«Тәуелсіздіктің 30 жылында ел экономикасы еңселенді. Халықаралық деңгейде ел абыройының артуына түрлі экономикалық реформалар мен жаңашыл бастамалар себепкер болды. Осы кезеңде нарықтық экономиканың қарқынды дамуы үшін көптеген алғышарт түзілді. Мемлекеттің қолдауының нәтижесінде Атырауда да шағын және орта бизнес өкілдері мол табысқа кенеліп, зор жетістікке жетіп отыр. Жаңадан ашылған жүздеген кәсіпкерлік нысандар мен мыңдаған жұмыс орны – осы сөзіміздің айғағы. Жергілікті атқарушы билік, кәсіпкерлер мен қоғамдық қауымдастық бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарғанда ғана зор жетістікке жетуге болады», -дейді «Атамекен» ҰКП-ның өңірлік палатасы кеңесінің төрағасы Гүлмира Сабырқызы.

Байқау қорытындысымен «Шишка» дәмханасының иесі Ару Камалова – «Жас кәсіпкер», «Кофе бум» кофеханасының иесі Әлішер Жуасбаев – «Қызмет көрсету саласының үздігі», Атырау қаласындағы Бубновский орталығының директоры Риза Мұрзагалиева – «Медициналық қызмет көрсету саласының үздігі», «Достан Ата» шаруа қожалығының жетекшісі Сейтжан Балжігітов – «Үздік шаруа қожалығы», «УльтраСтаб» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Азамат Асылбеков – «Үздік өндіруші», «НурАтырауКурылыс» ЖШС директоры Нұрлан Нұрмұханов «Құрылыс бизнесі саласының үздігі» атанды.

Ал, «Prime Family Group» компаниялар тобының құрылтайшысы Нұрлан Мұқышев «2021 жылдың ең үздік кәсіпкері» атағын иеленді. Ол 14 жыл бұрын жеке кәсібін қоғамдық тамақтану саласында бастаған. Қазір оның компаниялар тобында «Гинза-Атырау», «Чобан» ет мейрамханасы, «Бармаглот», «Фреш энд гоу» дәмханалары, «Казбургер» тез тамақтану орындарының желісі, дәмханасы, «Бэйкерист» наубайханасы мен «Ви Бренд» креативті агенттігі бар. Осы нысандарда 500 адам жұмыс істейді.

Сондай-ақ, «Бизнестану «Әлия» байқауында жеңімпаз атанған «AND Development» ЖШС директоры Бақыт Ысқақова мен «Бірлік – Миялы» кешенінің басшысы Айжан Ізімова марапатталды.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда жедел жәрдем дәрігері «Жыл адамы» атанғанын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар