Атырау облысының үш ауданында жарық сөнген

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының үш ауданында да жарық сөнген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Атырау-Жарық» АҚ-ның бірінші вице-президенті Қуат Сисенғалиевтың мәліметінше, мұнайлы шаһардағы 8 шағын ауданда жарық сөніп қалған. Сондай-ақ, Жылыой, Махамбет, Құрманғазы аудандарында электр энергиясының сөнгені анықталған.

«Атырау облысында 7 ақпанда жергілікті уақытпен таңғы сағат 7:30 шамасында ауа айының құбылуы бастады. Қатты жел соғып, қар жауды. Бұл Атырау қаласындағы бірнеше шағын аудан мен шаһарға іргелес орналасқан Атырау, Ақсай, Дамбы секілді елдімекендерде электр энергиясы өшіп қалуына әкеліп соқтырды. Бұған трансформаторлы пункттердің изоляциясына қар жабысып, релелік қорғаныш автоматикасында ауытқу болды. Оны әр трансформаторлық пункттен айырып, бір-бірден қосып, ток көзін беріп жатырмыз. Қазір Дамбы, Жұмыскер, Еркінқала елдімекендеріне жарық берілді. Жөндеу жұмыстары жалғастырылады», -деп хабарлады Қуат Сисенғалиев.

Оның айтуынша, электр желісіндегі ақауды қалпына келтіруге 15 авариялық бригада, оның үстіне 5 жедел бригада тартылған. Трансформаторлы пункттердегі электр желісін жөндеушілер 2 гидравликалық көтергіш (АГП), жерді бұрғылау арқылы қазатын арнайы 2 техникаларымен қамтылған.

«Үш аудан мен Атырау қаласындағы шағын аудандарға жөндеу жұмыстары жергілікті уақытпен сағат 20:00-ге дейін аяқтау көзделіп отыр. Сонан тұтынушыларға электр энергиясы беріледі», -деп мәлім етті Қуат Сисенғалиев.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда күн райының қолайсыздығынан бірнеше шағын аудан жарықсыз қалғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар