ФУТБОЛДАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫ-2022

Атырау облысының тұрғындарына Әлеуметтік кодекс жобасы түсіндірілді

2022 жылғы 25 қыркүйек, 21:35
Атырау облысының тұрғындарына Әлеуметтік кодекс жобасы түсіндірілді

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің арнайы мобильді тобы Атырау облысының тұрғындарына Әлеуметтік кодекс жобасын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мобильді топ құрамында Көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ильяс Испанов, Әлеуметтік көмек департаментінің директоры Айнұр Абдрахманова, «Мемлекеттік аннуитеттік компания» АҚ директорының орынбасары Гүлфайруз Серікова, «МӘСҚ» АҚ Атырау облысы бойынша филиалының директоры Алмагүл Шатенова бар. Олар Исатай және Жылыой аудандарының тұрғындарымен, жастармен, еңбек ұжымдарымен, денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау салаларының қызметкерлерімен, ҮЕҰ өкілдерімен, ауылдық округ әкімдерімен және мәслихат депутаттарымен кездесу өткізді.

«Мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырмаларды іске асыруды көздейтін көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасында шетелден 100 үздік маманды тарту тетігі көзделеді. Бұл мамандардың міндеті – білім трансфері мен өндірісте жұмыс істейтін қазақстандықтарды даярлау. Тұжырымдама жобасында бизнес-иммиграция тәсілдері өзгертіледі. Қазақстан экономикасына бір уақытта 300 мың АҚШ долларын инвестициялаған шетелдік бизнесмендер үшін 10 жыл тұруға ықтиярхат алуға құқық беретін «Инвестициялық виза» енгізіледі. Виза иесі бизнесті тіркеуге, меншікті иеленуге, қаржылық операцияларды жүргізуге мүмкіндік алады», - дейді Ильяс Испанов.

Оның айтуынша, Қазақстанға түрлі салаларды дамытуға көмектесетін сарапшылар мен инвесторлар тартылады. Тұжырымдама шеңберінде трансферт арқылы жұмыс орындарын құру, азаматтардың солтүстік және орталық өңірлерге реттелетін қоныс аударуын ұйымдастыру, қолданыстағы бизнес-жобаларды кеңейту тетігі бар.

«Тарихи Отанына оралатын қандастарды қабылдау, орналастыру саясаты қайта қаралады. Атап айтқанда, құжаттарды қабылдау кезеңінде қандастың келетін өңірін айқындау тетігі енгізіледі. Белгілі бір уақыт тұрақты тұрғаннан кейін азаматтық беріп, еңбек күші тапшы өңірлерге көшуді реттеу мен ынталандыру жөнінде шаралар қабылданады. Тарихи Отанымен байланысты нығайту мақсатында жоғары деңгейдегі мамандар немесе өз елдерінде табысты бизнес-кейстерді іске асырған, Қазақстанда масштабтауға ниет білдірген этникалық қазақтарға арналған Қазақ картасын енгізу ұсынылып отыр. Оның иесі саяси құқықтарды қоспағанда, елге жеңілдетілген тәртіппен кіру мүмкіндігіне ие болады. Бұл – бизнес ашу, жылжымайтын мүлікке және басқа мүлікке иелік ету, қаржылық операциялар жүргізу мүмкіндігі», - деді Ильяс Испанов.

Еске сала кетелік, бұған дейін Тамара Дүйсенова елімізде үшінші, төртінші, бесінші балалар көбірек дүниеге келіп жатқанын айтқан еді .


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar