Атырау облысының спорт басқармасына жаңа басшысы келді

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Бүгін Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев облыс активі жиналысында аймақтың дене шынықтыру және спорт басқармасының жаңа басшысы Ринат Ибрагимовті таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ринат Ибрагимов- Атырау облысында туған. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің дене шынықтыру және спорт факультетін бітірген.  Бұған дейін қалалық дене тәрбиесі және спорт саласында басшылық қызметтер атқарған.

2009  жылдың 1  қаңтарынан Атырау облыстық  балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде дзюдо күресінен жаттықтырушы-оқытушы, 2013 жылдан самбо бойынша жаттықтырушы-оқытушы  болды.

2016 жылы «Барыс» балалар мен жасөспірімдер клубының директоры,  2017 жылы - Атырау қалалық су спорты түрлері клубының директоры болды. Атырау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшылығына тағайындалғанға дейін қалалық дене тәрбиесі және спорт бөлімінің басшысы лауазымын атқарды.

Жаңа басшының еңбек жолы спорттағы үлкен жетістіктерге  толы. 2008  жылы Оңтүстік Кореяда өткен Азия чемпионатында күміс медальды жеңіп алды. Пекин Олимпиадасында Қазақстан намысын қорғады. 2009  жылы Роттердамдағы әлем чемпионатына қатысты.

2012 жылы Лондондағы Олимпиада ойындарына қатысты. Дзюдодан Әлем кубогының иегері.           

«Сіздің спорттағы жетістіктеріңіз аймағымыздың спорттық көрсеткіштерін жоғарылатуға септігін тигізеріне сенеміз. Облыста жыл сайын республикалық және халықаралық деңгейдегі көптеген спорттық шаралар өтеді. Сіздің қалалық дене тәрбиесі және спорт бөлімінің басшысы ретінде жинаған тәжірибеңіз де осы саланы жаңа деңгейге жеткізуге септігін тигізеді. Мемлекет басшысы ұлт денсаулығына, соның ішінде бұқаралық спортқа үлкен көңіл бөледі. Біздің міндетіміз аймақтық деңгейдегі жұмыстарды орындауға қажет  жағдай жасау», - деді Нұрлан Ноғаев.
null 

Спорт басқармасының жаңа басшысы облыс әкіміне сенім білдіргені үшін алғыс айтып, қойылған міндеттерді сапалы жүзеге асыруға бар күшін салатынына сендірді.

null 

Соңғы жаңалықтар