Атырау облысының Ресеймен шекарасындағы Қиғаш өзенінің жағалауында қамыс өртенді

None
Фото: Атырау облыстық ТЖД
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының Ресеймен шекарасындағы Қиғаш өзенінің жағалауында қамыс өртенді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қиғаш өзені Атырау облысының Құрманғазы ауданында Ресей Федерациясымен шекарада орналасқан.

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, қамыс өрті кеше, 26 наурызда тұтанған.

«Құрманғазы ауданындағы Бірлік ауылынан 20 шақырым қашықтықта орналасқан Қиғаш өзенінің жағалауында қамыс өртенді. Бұл туралы жергілікті уақытпен сағат 16:55-те хабар түсті. Қамыс өрті 30 гектар аумақты шарпыды. Төтенше жағдайлар департаменті және Құрманғазы аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі қызметкерлерінің күшімен 21 гектардың қамыс өрті сөндірілді. Ал, 9 гектар аумақтағы жалын өздігінен өшті», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.


Қамыс өрті кеше, 26 наурызда түнгі сағат 21:30-да толық сөндірілді. Өртті сөндіруге Атырау облыстық ТЖД мен Құрманғазы аудандық ормандар мен жануарлар дүниесін қорғау мекемесінен 31 қызметкер, 1 техника, 5 мотопомпа, 4 қайық тартылған.

Еске сала кетелік, Атырауда канал жағасындағы 3 гектар аумақта қамыс өртенген еді.

Кейін тағы 1,5 гектар қамыс өртеніп, тұрғын үйді шарпыды.

«Атырау қаласындағы Шәкіров көшесі тұсында Перетаска каналының жағалауы өртенді. Бұл туралы жергілікті уақытпен сағат 12:51-де шақырту түсті. Канал бойындағы қамыс өрті сол маңдағы саяжай учаскелерін шарпыды. Өрттің салдарынан 1 жазғы тұрғын үй мен ауласындағы шаруашылық сарай, тауық қора, жылыжай бөліктері бүлінді. Канал жағалауында жалын шарпыған қамыстың аумағы – 1,5 гектар», - деп мәлім еткен еді департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.


Соңғы жаңалықтар