Атырау облысының орман қоры жерлеріне 7 миллион көшет егіледі - Досмұхамбетов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Атырау қаласы аумағынан 94 заңсыз қоқыс орны анықталды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өңіріміз үшін өзекті мәселенің бірі - экологиялық ахуал екені өздеріңізге де мәлім. Жыл басынан бері ғарыштық мониторингілеу арқылы Атырау қаласы аумағынан 94 заңсыз қоқыс орны анықталды. Олардың 39-ы тазаланды, 42-сінде тазалау жұмыстары жүргізілуде, ал қалған 13 қоқыс орнының иелері анықталуда. 2020 жылы Атырау қаласында 484 тіркелмеген қоқыс орындары анықталып, барлығы жойылған болатын», - деді Махамбет Досмұхамбетов.

Сонымен қатар облыс басшысы Президенттің 2025 жылға дейін орман алқабында жаппай тал егу мен елді мекендерді көгалдандыруды тапсырмасы бойынша ауқымды жұмыстар басталғанын айтты.

«Биыл 700 мыңға жуық екпе, 50 мыңға жуық көшеттер отырғызылды. Алдағы бес жылда облыстың орман қоры жерлеріне 7 миллион көшет, ал елді мекендерге – 540 мың тал отырғызу қарастырылған. Өңірдегі «Теңізшевройл», NCOC, АМӨЗ және «Ембімұнайгаз» сынды ірі мұнай-газ кәсіпорындарымен де көгалдандыру жұмыстарына қатысты меморандум жасалды. Олар осы күзде жұмыстарын бастайды», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар