Атырау облысының Исатай ауданында өнер мектебінің құрылысы басталды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының Исатай ауданында өнер мектебінің құрылысы басталды. Мектеп 250 орынға арналған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Исатай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, екі қабатты ғимараттың жалпы ауданы – 4276,81 шаршы метр. Құрылыс жұмыстарын «САЛА» ЖШС 19 айда аяқтау жоспарлап отыр.

«Өнер мектебінде бірінші қабатында 183 орындық акт залы, әрқайсысы 8 адамдық музыка сыныбы, қолданбалы өнер, әрбірі 6 адамдық кескіндеме, сурет, мүсін шеберханалары орналасады. Мұнда 11 адамдық би сабағына арналған зал мен 16 орындық буфет бар. Ал, екінші қабатта оқу залы бар кітапхана бөлмелері қарастырылған. Ғимаратта 10 адамдық хор және оркестр сыныбы, әрқайсысы 8 орындық өнер тарихы және поэтикалық өнер кабинеті, 10 адамдық ансамбль сабағын өткізетін сынып жоспарланып отыр. Ғимараттың сыртында түрлі іс-шараларды өткізу үшін 137 орынға арналған амфитеатр салынады», - деп мәлім етті мердігер мекеменің өкілі Руслан Сиғуатов.

Оның айтуынша, өнер мектебінің ғимараты салынатын жер телімі қоршалып, тегістелген. Бұл жерге құрылыс материалдары тасымалданып жатыр. Өнер мектебінің құрылысы 2024 жылғы маусым айында аяқталмақ.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында «Жайлы мектеп» аясында 12 білім ордасы салынатынын хабарлаған болатынбыз.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің дерегіне қарағанда, қазір 143 481 оқушы жалпы орта білім беретін 200 мектеп бар.


Соңғы жаңалықтар