Атырау облысының экологиясына зиян келтіріп отырған кәсіпорындар аталды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында соңғы 5 жылда экологияны бұзуға қатысты 47 оқиға тіркелді. Соған байланысты салынған айыппұл мөлшері 2,5 млрд теңгеден асқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Досановтың айтуынша, «Тухлая балка» буландыру алаңы мен «Ерік Мостовой» дренаж жүйесіне мониторинг жүргізілген. Монитронинг кезінде заң нормасында көзделген талаптар мен бекітілген жоспардың мерзімі сақталмайтыны, шешім қабылдау кезінде түрлі әкімшілік кедергі кездесетіні, соның салдарынан бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану қаупі бар екені анықталған.

«Соңғы бес жылда Атырау облысында қоршаған ортаны бүлдіруге байланысты 47 оқиға тіркелді. Соған байланысты 2,5 млрд теңгеден астам соманың айыппұлы салынды. Экологияға келтірілген залал мөлшері 700 млн теңгеден асты. Қоршаған ортаға зиян келтіретін жағдайлар «АМӨЗ», «Теңізшевройл» ЖШС, «Ембімұнайгаз» АҚ, «North Caspian Operating Company N.V» филиалында анықталып отыр.

Атырау қаласының экологиялық ахуалының нашарлауына, жағымсыз иістің үздіксіз қайталануына булану алаңында ағынды сулардың жиналуы себеп болған. Қазір булану алаңының 3 және 4-бөлігінде жиналған сарқынды судың құрғатылған 1 және 2-бөлікке қайтадан төгілу қаупі туындап тұр. Салдарынан Атырау қаласының экологиялық ахуалын жақсарту мәселесі әлі күнге дейін шешімін таппай отыр», - деді Ерлан Досанов.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау экологтары Ресеймен шекарадағы Қиғаш өзені суының сапасын тексергенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар