Атырау облысының екі ауылы «Үздік 30 ауыл» жобасына енді

Фото: None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының екі ауылы «Үздік 30 ауыл» жобасына енді. Олардың бірі Махамбет ауданында, екіншісі Жылыой ауданында орналасқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үздік 30 ауыл» жобасының авторы, «Тұлға-достық» қоғамдық қорының директоры, ақын Мұратхан Шоқанның айтуынша, аталған жоба ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай қолға алынған.

Республикалық жобаға Махамбет ауданының орталығы – Махамбет ауылы мен Жылыой ауданындағы Шоқпартоғай ауылы енген. Әр өңірдегі болашағы зор елді мекендер арасынан озық шыққан мұнайлы өңірдің екі ауылы туралы мәліметтер «Үздік 30 ауыл» анықтамалық кітабында жазылған.

«Ауыл – қазақтың қазығы, алтын бесігі. Ал аталған жобаның мақсаты – үздік ауылдарды анықтап, өзгелерге үлгі ету. Туған ауылын көркейтуге үлес қосып жүрген азаматтарды дәріптеу, сол арқылы кәсіпкерлердің, жастардың назарын туған мекенге бұру», - дейді жоба авторы Мұратхан Шоқан.

Талантты ақын туған жерге ту тігіп, ауылға жанашырлық танытқан азаматтарды өскелең ұрпаққа өнеге етіп, жастардың туған жерге деген теріс пікірін түзетуді мақсат еткен. Сапалы әрі тұщымды дүние жазып шығу үшін автор бір ай үздіксіз ауыл-аймақты аралаған.

«Үздік 30 ауыл» жобасына енген Махамбет ауылында 13 мыңнан астам тұрғын, 20-ға жуық өзге этностың өкілі тұрады. Ауылда 3 орта мектеп, 1 саз мектебі, 2 спорт мектебі, 5 балабақша, 1 емхана мен аурухана, орталық және балалар кітапханасы, жаңадан салынған мұражай, сәулетті мәдениет үйі және мешіт бар.

Мұнда 2007 жылдан бастап ипотекалық әдіспен екі қабатты 80 үй шағын аудан ретінде бой көтерген. Барлық үйлер мен мекемелер түгелге жуық табиғи газ желісіне қосылған. Ауылда 3 сауда үйі, 3 жанар-жағармай құю стансасы тұтынушыға қызмет көрсетеді. Егін және мал шаруашылығымен айналысатын 12 шаруа қожалығы жұмыс істейді.

Ал Жылыой ауданындағы Шоқпартоғай ауылында 3 100-ден астам тұрғын тіркелген. Бұл ауылда 58 шаруа қожалығы, 1 балабақша, 1 мектеп, 1 емхана мен спорт мектебі жұмыс істеп тұр.

Жоба авторы Мұратхан Шоқанның мәліметінше, «Үздік 30 ауыл» анықтамалық кітабына қос ауылдың тарихы, тыныс-тіршілігі, білім, спорт, денсаулық, мәдениет саласы мен әлеуметтік-экономикалық даму жағдайы, шағын және орта кәсіпкерліктің өркендеуі туралы мәліметтер қамтылған. Сондай-ақ ауылдан шыққан танымал тұлғалар жөнінде мағлұматтар енгізілген.


Соңғы жаңалықтар