Атырау облысының денсаулық және білім саласында қандай проблемалар бар

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов Атырау облысындағы онкологиялық диспансер мен ауылдық мектептерінің жұмысымен танысты, сондай-ақ Махамбет ауданының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өңірде денсаулық сақтау саласында кадр тапшылығы бар. Ал, облыстық онкологиялық диспансердің ғимараты да, жабдықтардың бір бөлігі де ескірген.

Диспансер мамандары ми ісіктерін, әйелдердің репродуктивті сырқаттарын, басқа да ауыр дерттерді толық емдеуге қауқарсыз.

Сол себептен диспансерге сызықтық үдеткіш, брахеотерапия аппараты, компьютерлік томограф керек.

Алтай Көлгіновтің пікірінше, облыс әкімдігі желілік үдеткішті орналастыруға қажет каньонды сатып алуға қаржы қарастыруы қажет. «Қазақстан халқына» қорынан қымбат құрал-жабдықтарға қаражат бөлу жоспарланып отыр.

«Онкология диспансерінің техникалық базасын жаңартылса, облыс тұрғындары медициналық көмекті жергілікті жерден алуға жол ашылады. Бұл қолжетімді әрі сапалы болады. Еліміздегі 16 онкологиялық орталық «Қазақстан халқына» қоры есебінен сәулелік терапия құрылғыларымен жабдықталады», -деді Алтай Көлгінов.

Қазір Атырау облысының білім саласында 4 апатты, үш ауысымда оқытатын 11 мектеп бар. Педагог кадрлар тапшы, ал, оқушыларға орын жетіспейді.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, функционалдық сауаттылық, академиялық білім, сондай-ақ ҰБТ нәтижесі бойынша Атырау облысының көрсеткіші өте төмен.

Аттестация қорытындысымен шекті мәннен төмен ұпай жинаған пән мұғалімдерінің үлесі бойынша антирекорд белгіленген.

«Барлық құралдарды пайдаланып, оқушылардың білім деңгейін арттыру қажет. Мұғалімдердің кәсіби деңгейін арттыру, оқыту әдістемесін қайта қарау, халықаралық тәжірибені барынша пайдалану, сонымен қатар ауылдардағы интернет жылдамдығын арттыру маңызды», -деп атап көрсетті Алтай Көлгінов.

Алтай Көлгінов өңірдегі ең ірі жоғары оқу орны – Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетіндегі 1000 орындық студенттік жатақхана құрылысының жоспарымен танысты.

Ал, Махамбет ауылындағы Д.Төленов атындағы гимназия 1938 жылы салынған үш жеке ғимаратта орналасқан.

Бұл ғимараттарға робототехника мен STEAM кабинеттерін орналастыру мүмкін емес.

Бірақ жаңа оқу жылы басталғанға дейін 600 орындық жаңа заманауи ғимарат пен 300 орындық мектеп-интернат салынады.

Еске сала кетелік, бұған дейін Алтай Көлгінов Атырау облысындағы сапар орталығының құрылысымен танысқанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар