Атырау облысының бюджетіне ішкі туризмнен 100 млн теңге түсуі мүмкін

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының бюджетіне ішкі туризмнен 100 млн теңге түсуі мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын Атырау облысында іске асыру жөніндегі өңірлік комиссияның кезекті отырысы өтті.

Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің айтуынша, қоғамдық сананың жаңғыруы әр адамның ұлтқа қызмет етуінен көрініс табады.

«Елге қызмет ету – қуаныш, елге сый көрсету – сүйініш. Біздің әр ісіміз талғамға, менталитетке сай болуы керек. Сондықтан, рухани жаңғырудың маңызы зор»,-деді Махамбет Досмұхамбетов.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қаныш Мәмбетовтің мәліметіне сүйенсек, 2021-2025 жылдары жаңа туристік нысандар салынып, 338 жаңа жұмыс орны ашылады.

«Ішкі туризм саласында келушілер саны жылына 33,7 мыңнан 79,4 мың адамға артады деп күтіліп отыр. Сол кезде бюджетке 100 млн теңгеден астам салық түседі деген болжам бар», - дейді Қаныш Мәмбетов.

Оның айтуынша, алдағы уақытта балалар және жасөспірімдер туризмін дамыту үшін «Жанды сабақтар» жобасын жүзеге асыру көзделген.

Жоба аясында Атырау қаласының мектеп оқушыларына «Ембімұнайгаз» АҚ мен Н.Балғымбаев атындағы интерактивті мұражайына экскурсия ұйымдастырылады.

Сондай-ақ, облыстың шалғай ауылдарындағы аз қамтылған отбасылардың балалары үшін мәдени-танымдық нысандарға экскурсия ұйымдастыру жоспарланған.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда жергілікті бюджет кірісі 20 млрд теңгеге артық орындалғанын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар