Атырау облысының бірнеше ауылында еріген қар суы сорылып жатыр

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының бірнеше ауылында еріген қар суы сорылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Су басу қаупі бар ауданның бірі – Индер. Аудан әкімі Дарын Шамұратовтың айтуынша, қазір су басу қаупінің алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Қардың көп түсуіне байланысты су басу қаупі әлі сейілген жоқ. Күн күрт жылынып, жауын-шашын болса, ауданның бірқатар ауылында еріген қардың салдарынан қиындық туындауы ықтимал. Сол себептен, аудан аумағында қар суының үйге кірмеуін қамтамасыз ету үшін 18 техника жұмылдырылды. Қазір Индербор кентінде, Жарсуат, Өрлік, Елтай ауылдық округтеріндегі тұрғын үйлерді су басу қаупі болуы мүмкін аумақтар нақтыланды. Күшейтілген режимде ұйымдастырылған жұмыстардың нәтижесінде Жарсуат ауылдық округіндегі қауіп сейілді», -деп хабарлады Дарын Шамұратов.

Әкімнің мәліметінше, Индер ауданында 11 мың текше метр қар шығарылған. Қазір 22 мотопомпамен еріген қар суы сорылып жатыр. Сондай-ақ, төтенше жағдайлар қызметінің су соратын екі көлігі тартылған.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, Қызылқоға ауданының Миялы ауылындағы жер үйлердің ауласын су басқан.

«Миялы ауылында орналасқан үш үйдің ауласынан бір күнде 600 текше метр қар суы сорылды. Оған департамент пен жергілікті атқарушы органнан 50 қызметкер, 5 техника мен 6 мотопомпа тартылды», -деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында жеңіл көлік еріген қар суына батып кеткенін жазған едік.

https://kaz.inform.kz/news/atyrau-oblysynda-zhenil-kolik-erigen-kar-suyna-batyp-ketti_a4043516


Соңғы жаңалықтар