Атырау облысының әкімі вакцинацияны жандандыруды тапсырды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов өңірде вакциналау қарқынын күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аймақ әкімінің төрағалығымен өткен кеңесте вакциналау, сондай-ақ мониторингілік топтардың жұмысы қаралды.

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтің айтуынша, өңірде коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның І компонентін 71 мың адам алған. Ал ІІ компонентті ектіргендер саны 32 мыңға жеткен.

«Ақпан айынның басынан бері облысқа 111 200 доза вакцина жеткізілді. Оның ішінде 92 700 доза «Спутник-V», 2000 доза «Qazvac», 9500 доза «Hayat-Vax» және 7000 доза «Corona Vac» вакцинасы бар. Екпе салу үшін 31 стационарлық, 10 жылжымалы бекет ашылды. Қазір Теңіз кен орнында - 2, «Атырау», «Байзар» және «Дина» сауда орталықтарында - 3, қала мен аудандық емханаларда 36 бекет жұмыс істеп тұр», - дейді Асхан Байдуәлиев.

Оның мәліметіне сүйенсек, Теңіз кен орнында вакцинаны игеру көрсеткіші қала мен аудандардан 6 есе жоғары болған.

Өңірде вакцинаны көп алғандардың көшін құқық қорғау органдарының қызметкерлері бастап тұр. Қазір бұл салада егу көрсеткіші 154% құрап отыр. Ең төменгі көрсеткіш созылмалы аурулары бар науқастар арасында – 2,7%, студенттер – 6,3% және педагогтер – 35,2%.

Ал, облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мәдениет Танауовтың дерегінше, өңірде 64 мобильді топ құрылып, карантиндік шаралардың сақталуына мониторинг жүргізілді.

«Биылғы жыл басынан 21 маусымға дейін 9761 рейдтік тексеріс өткізіліп, 40 469 нысан қамтылды. Мониторингілік топтар 432 бұзушылық анықтады. Шағын және орта бизнес нысандары мен жеке тұлғаларға 42 млн 154 мың 359 теңгені құраған 312 айыппұл салынды», - дейді Мәдениет Танауов.

Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов жауапты лауазым иелеріне өңірдегі шектеулердің орындалуын қадағалаушы мониторингілік топтардың жұмысын күшейтуді тапсырды.

«Өңірдегі карантинтік шектеулер жалғасуда. Ахуал тұрақталды деп айтуға әлі ерте. Қауіпті вирустың таралуын тежеудің бір тетігі – жаппай вакцинация жұмыстарын жандандыру», - деді облыс М.Досмұхамбетов.

Атырау облысында коронавирусқа қарсы вакцина алғандарға сыйлық берілетінін бұған дейін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар