Атырау облысының 37 елді мекенінде жол жөнделеді

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының 37 елді мекенінде 200 шақырымнан астам жол жөнделеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Қуанышбек Қабдығалидың мәліметінше, облыстық, аудандық маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайын 70%-ға жеткізу жоспарланып отыр.

«Биылғы жылдың соңына дейін 37 елді мекенде 200 шақырымнан астам автомобиль жолын жөндеу жоспарланып отыр. Қазір «Индер-Қарабау» бағытындағы жолың 87 шақырымын қайта жаңғырту жұмысы жүргізіліп жатыр. Бүгінге дейін аталған жолдың 31,5 шықырымы қайта жаңғыртылды. Құрманғазы ауданындағы «Ганюшкин-Приморье-Утера-Котяев» автомобиль жолына да күрделі жөндеу басталды», -дейді Қуанышбек Қабдығали.

Оның айтуынша, Қызылқоға ауданындағы Тайсоған ауылының кірме жолын, «7 разъезд-Асан-Азғыр-Балқұдық-Сүйіндік» жолын орташа жөндеу, «Миялы-Ойыл» жолын күрделі жөндеу жобалары жасақталып жатыр. Сондай-ақ, Исатай ауданынының Жанбай, Исатай, Құрманғазы ауданының Нұржау, Махамбет ауданының Сарытоғай, Мақат ауданының Мақат, Доссор, Бәйгетөбе ауылындарында ауылішілік, кірме және жаяу жүргіншілерге арналған жол қайта жаңғырту қолға алынған.

Ал, Атырау қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің бас маманы Ержан Қайноллаевтың мәліметіне сүйенсек, шаһарда жол кептелісінің алдын алу үшін 21,1 шақырымды құрайтын бес көшенің жолын қайта жаңғырту көзделген.

«Қазір М.Әуезов көшесінде 2,8 шақырым, «Балықшы шағын ауданы – Зарослый» аралығындағы 5,7 шақырымдық жолды жөндеу қайта жалғасты. Еркінқала-2, Зарослый-1, Ракуша, Балауса және өзге де шағын аудандарда 135,8 шақырымды құрайтын 230 көшеге жаңадан жол төсеу жұмысы басталды. Бұған қоса 25 мың шаршы метрге жуық жолдың ойық, шұңқыры жөнделеді», -деп мәлім етті Ержан Қайноллаев.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында жол ережесін бақылайтын мобильді қосымша іске қосылғанын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар