Атырау облысының 3 тұрғынына «Құрметті азамат» атағы берілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Атырау облысының «Құрметті азаматы» атағын беру туралы шешім облыстық мәслихаттың 21-сессиясында қабылданды, деп хабарлайды Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.

Салтанатты марапаттау шарасы облыстық әкімдікте өтті. «Атырау облысының құрметті азаматы» марапатын Бостан Сүлейменов,  Нұржиян Абдолова, Маннап Меңдіғалиев алды.

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев еңбек ардагерлерінің аймақтың өсіп-өркендеуі жолында қосқан үлестері зор екенін айтты.

"Сіздерді шын жүректен құттықтаймын. Бұл құрметті атақ - адал еңбектеріңіздің жемісі. Сіздер салған сара жол бізге үлгі, бүгінгі жастар да сол бастамаларыңызды жаңа жігермен, серпінмен жалғастыруда. Бізге  ақыл-кеңестеріңіз, парасатты пайымдарыңыз қашан да құнды", - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.



Сүлейменов Бостан Шәмшіұлы -  1938 жылы 25  тамызда туған. 1961  жылы Астрахан балық өнеркәсібі мен шаруашылығы техникалық институтын бітірген. 1963-1973 жылдары Баутинодағы «Гуррыбхолфлот» басқармасының бас инженері болды. Аумақтық балық инспекциясында екі рет, 1974-1977, 1992-1996 жылдары басшылық қызмет атқарды. Әр жылдары "Гурьевбалықөнеркәсібі" өндірістік бірлестігінде бас директор, жеңіл және азық-түлік өнеркәсібі бөлімінің, жеңіл өнеркәсіп және халық тұтынатын тауарлар бөлімінің меңгерушісі, Гурьев облыстық экология және биоресурстар басқармасы басшысының орынбасары болды. Гурьев облысының табиғат қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторы, бас экология инспекторы қызметтерін қоса атқарды. 2000 жылдардың басында Халықаралық Каспий экологиялық бағдарламасында (итбалықтарды зерттеу тобы комиссиясының мүшесі) қазақстандық тараптан сарапшы болды.

Абдолова Нұржиян Абдолқызы - 2 шілде 1943 жылы туған. 1964 жылы Алматы мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтын орман шаруашылығы инженері мамандығы бойынша бітірген. 1969 жылы Гурьев педагогика институтына түскен. 1984 жылы Алматы жоғары партия мектебін бітіріп саясаттанушы мамандығын алған. 1974 жылы Нұржиян Абдоловқызы мемлекеттік қызметке орналасқан. 1977 жылы ақпанда Новобогат (қазіргі Исатай) ауданына идеология мәселелері бойынша хатшы болып сайланды. 1994 жылы бірінші шақырылған облыстық мәслихаттың депутаты болды. Нұржиян Абдоловқызы- Исатай ауданының құрметті азаматы. "Ажар" журналының (Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығы) «Алтын әйелдер» аталымына енген. 2011 жылы наурызда Бірінші республикалық әйелдер съезіне делегат болды. 2011 жылы сәуірде Қазақстан Республикасы Президентінің инаугурациясына қатысты.

Меңдіғалиев Манап Сергелеұлы- 11 тамыз 1941 жылы туған. 1958 жылы орта мектепті аяқтап, Ганюшкин селосында жөндеу-техникалық станцияға жұмысқа орналасқан. 1961-1964  жылдары Украинада әскер қатарында болды. 1964 жылы Шымкентте Қазақ химия-технология институтына түсті. 1967 жылы Ленинград техникалық институтының үшінші курсына түсіп, 1969 жылы үздік бітірген. Еңбек жолын Қостанай облысында ет комбинатында механик болып бастады. 1970 жылы Гурьев ет комбинатына бас инженер болып орналасты. Жұмыстағы жоғары жауапкершілігі еленіп, 1975 жылы Гурьев ет комбинатының директоры болып тағайындалды. Еңбек жолының 20 жылында облыстық, қалалық, аудандық кеңестердің депутаты, Гурьев қалалық, облыстық партия кеңесінің мүшесі, Қазақстан компартиясы съезінің делегаты болды.Экология, табиғат пайдалану, әлеуметтік саланың дамуына үлкен үлес қосты. «Нұр Отан» партиясының мүшесі, саламатты өмір салтын белсенді насихаттайды. 

Соңғы жаңалықтар