Атырау облысының 261 сайлау учаскесінде дауыс санап жатыр

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының 261 сайлау учаскесінде сайлаушылардың даусын санап жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Азамат Айманакумовтың мәліметінше, жергілікті уақытпен сағат 20:00-де 261 сайлау учаскесінде дауыс беру аяқталған. Қазіргі кезде дауыс санап жатыр.

«Облыс бойынша сайлау учаскелерінде ешқандай заң бұзушылық тіркелген жоқ. Мүмкіндігі шектеулі жандар мен алыс елді мекендердегі тұрғындардың, вахталық ауысыммен жұмыс істейтін жұмысшылардың, сондай-ақ тергеу изоляторында қамауда отырған адамдардың дауыс беруіне жағдай жасалды», - деді Азамат Айманакумов.

Оның дерегіне сүйенсек, 261 учаскелік сайлау комиссиясында 1 966 азамат жұмыс атқарған. Денсаулық сақтау саласының нысандарында, әскери бөлім мен уақытша қамау изоляторында 11 жабық учаске ашылған.

Үйден дауыс беруге 800-ге жуық қария мен мүмкіндігі шектеулі жандардан өтініш түскен. Мәселен, І топ мүгедегі Лариса Боқанова денсаулық жағдайына байланысты үйден дауыс беру үшін №43 сайлау учаскесіне өтінім берген.

«Бүгін – еліміз үшін маңызды күн. Менің денсаулық жағдайымды ескеріп, учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері бюллетеньді үйге әкелді. Еліміздің келешегі үшін таңдау жасадым», - дейді Лариса Боқанова.

Учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері Лариса Боқановаға дауыс берген соң естелік сыйлық табыс етті.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау тұрғындары 261 сайлау учаскесінде таңдауын жасайтынын, кейін мұнайшылар мен Бауыржан Момышұлы дауыс бергенін хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар