Атырау облысындағы жолдардың жағдайы нашар - ҚР Президенті

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облысының 2 мың автомобиль жолының жартысы нашар жағдайда. Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мəселелері жөнінде кеңесте айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Облыста 2 мың автомобиль жолының жартысы нашар жағдайда, ішкі жолды айтамын. Оған біз енді кірісеміз. Инвестициялар және даму министрлігімен бірлесіп, қазіргі істеп жатқан шаруамыз Атыраудан Ақтөбеге дейін жолды, Атыраудан Астраханға дейін жолды биыл-ендігі жылы салып бітіреміз. Қазір Атырау Оралға шығады, төмен қарай Маңғыстауға шығады, Маңғыстаудан Түрікменстанға өтіп, Парсы шығанағына дейін жол ашылады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанның құрлықтық мемлекет екенін еске салды.

«Біздің теңізге шығатын жағалауымыз жоқ. Біздің жүк тасымалдауымыз қиын, тасымалдау бағасы жоғары. Сондан көп қаражат жоғалтамыз. Сондықтан менің істеген шаруам, біріншіден Қытаймен келісіп, анау Тынық мұхиттағы Ляньюньгань портынан терминал салдық. Қытайдың шекарасынан Ресейге дейін үш мың шақырым ең жоғары дәрежелі автокөлік жолы салынды. Тура Қазақстанның ортасымен Жезқазғаннан Каспий теңізіне дейін 2,5 мың шақырым темір жол салынды»,- деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев Түрікменстан арқылы Бандарабас портына шығып бүкіл араб мемлекеттерімен, Үндістанмен сауда-саттық жасау мүмкіншілігі ашылғанын атап өтті. Ал Құрық порты арқылы тікелей Кавказға, одан ары Қара теңізге, Ақ теңізге шығу мүмкіндігіміз бар екендігін айтты.

«Қазір құрық портынан Қазақстан арқылы Еуропаға, Ресейге тасымалданатын контейнерлердің көлемі жылына 2 есеге артып отыр. Сондықтан инфрақұрылым, жол дегеніміз өсіп-өну деген сөз», - деді Мемлекет басшысы.

Соңғы жаңалықтар