Атырау облысындағы зағип жан таңғы сағат 7-де дауыс берді

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында зағип жан Дүйсәлі Қалдыбай сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, бүгін 412 165 сайлаушы 269 сайлау учаскесінде дауыс беріп жатыр.

Сайлаушылардың қатарында Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласында тұратын Дүйсәлі Қалдыбай да бар. Оның көзі көрмейді. Бірақ ол өзінің мүмкіндігін ешқашан шектеген емес.

Оның есімі көркемсөз оқу шебері ретінде танылған. Өмірге құштарлығын жоймаған зағип жан түрлі сайыстарға қатысады. Бүгін Құлсары қаласындағы №97 сайлау учаскесіне таңғы сағат 7:00-де келіп, дауыс берді. Оны сайлау учаскесіне ұлы алып келген. Учаскелік сайлау комиссиясы алғашқы болып дауыс берген зағип жанға арнайы сыйлық ұсынды.

«Өңірде 269 сайлау учаскесі ашылды. оның ішінде ауруханаларда, уақытша ұстау орындары және әскери бөлімдерде 11 жабық учаске бар. Барлық сайлау учаскесі материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беруі үшін қолайлы жағдай жаса үшін 54 инватакси қызметі ұйымдастырылып отыр. Сайлауда 412 165 сайлаушы дауыс береді», -деп хабарлады облыстық аумақтық сайлау комиссиясынан.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда Парламент Мәжілісінің депутаттығына 20 кандидат ұсынылғанын, кейін 13 кандидат таласатынын хабарлаған едік.

Сондай-ақ, Атырау облысында мәслихат депутаттығына таласатын үміткерлердің 21 пайызы – әйелдер екенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар