Атырау облысындағы су басуы ықтимал 36 елді мекенде дайындық күшейтілді

None
Фото: БҚО ТЖД баспасөз қызметі
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысындағы су тасқыны ықтимал 36 елді мекенде дайындық күшейтілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайдың алдын алу бөлімінің бастығы Асланбек Ғафиздің мәліметінше, қаңтар айында облыс әкімдігі көктемгі тасқын су қаупінің алдын алуға дайындық жұмыстарының жоспарын бекіткен.

«Су тасқыны қаупінің алдын алу мен жою мақсатында кешенді жол картасы әзірленді. Соған сәйкес облыста су басуы мүмкін 51 елді мекен анықталды. Қазір 15 елді мекенде қауіп сейілді. Ал, су басуы ықтимал 36 елді мекен аумағында алдын алу жұмыстары күшейтілді. Аймақта су тасқынына қарсы іс-шараларға 12 тонна жанар май, 27 мыңнан астам қапшық, 10 шатыр және 5 мыңнан астам төсек-орын жабдығы қоры әзірленді. Күн сайын Атырау қаласының шетіндегі бау-бақша ұжымдары орналасқан аумақтағы су деңгейі бақыланып отыр. Жеке сектордағы тұрғын үйлерге келетін қызыл судың жолын бөгеуге 485 тонна құм, саз, қиыршық тас дайындалды», - деп хабарлады Асланбек Ғафиз.

Оның айтуынша, қазір облыс аумағында су тасқынының алдын алуға 1 153 адам, 303 техника, 16 жүзу құралы мен 107 мотопомпа дайындалған. Сондай-ақ, тұрғындарды эвакуациялауға арналған 109 қабылдау пунктінің жағдайы тексерілді.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында жол жырылып, көлік қатынасы тоқтағанын жазған едік.

Жол учаскесі жырылғаннан кейін тасқын су деңгейі төмендегенін хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар