Атырау облысындағы Қызылүй ауылында 82 шаруа қожалығы бар

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - 82 шаруа қожалығы жұмыс істеп тұрған Атырау облысының Исатай ауданындағы  Қызылүй ауылы құрылғанына  105 жылдығын атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мерекеге орай «Менің ауылым»  жобасы-шарасы ұйымдастырылды. Ауыл тұрғындары Қызылүйдің іргетасы 1913 жылы қаланғанын айғақтайтын стелла-белгінің орнатылуы, елді мекенге тартылған таза ауызсу құбыры мен су тарату ғимаратының пайдалануға берілу рәсіміне куә болды.

 «Қызылүй - құтты мекенім» салтанатты жиынында ауылдың өткен жолы мен  алдағы бағдары сөз болып, бір топ ауыл шаруашылығы ардагерлері, шаруа қожалықтарының иелері марапатталды. «Ауыл еңбегі үшін» медалі табысталды. Ата кәсіпті меңгеріп, әке жолын жалғастырған шаруаларға Алғыс хаттар тапсырылды.

Шара аясында концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, белдесу, қой көтеру, арқан тартыс, жаяу жарыс спорттық шаралары өтті. Сондай-ақ  жиналған жұрт «Х.Дайырованың ауылы», «Айбас ауылы», «Молшағыл ауылы», «Тұщықұдық ауылы», «Қызыл үй ауылы», «Досқалиевтер ауылы», «Майтөбе ауылы» атауымен тігілген киіз үйлерде жайылған дастарханнан дәм татты.

21 шақырымдық аламан бәйгеге 15 сәйгүлік қатысып, бірінші орынды Меңдіғұл Аққуатовтың, екінші орынды Саламат Құрасовтың, үшінші орынды Мүсілім Нұреденовтың аттары иеленді.

Атан жарысына Үшқызылда кіндік қаны тамған ақын Нұралы Әжіғалиевтың отбасы жүлделер тікті.

Жаңа жоба қаймағы бұзылмаған, төрт түлік мал өсіріп, ырыс - берекені еңбектен тапқан Қызылүй мен Айбас ауылдары тұрғындарына қуаныш-шаттық сыйлады. Оған осы топырақта туған, оқыған, қазір еліміздің әртүрлі облыстарында тұратын жерлестер келіп, құттықтады.

Бір кезде ферма орталығы болған, жиектен өткенде Нарын құмының қақпасы саналатын құтты қоныс - Қызыл үйдің көркейе берері кәміл, қазір табиғи газ жеткізудің алғышарттары жасалуда, жаңа мектеп құрылысы салынуда. Жеке секторда тұрғын үй құрылысы көбейеді.

«Бұл жобаны ұйымдастырудағы мақсатымыз - іргетасы қаланғанына 105 жыл болған Қызылүй елді мекенінің тарихы мен  озық салт-дәстүрін насихаттау, шалғайдағы қазақ  ауылының мәртебесін арттыру, осы өңірде  ауыл шаруашылығының қалыптасып өркендеуіне еңбек сіңірген аға ұрпақты дәріптеу, ауыл жастарын еңбек дәстүрін жалғастыруға тәрбиелеу еді», - дейді ауылдық округтің әкімі Мәди Өтеғалиев.

Қызылүй елді мекені - Атырау облысындағы аты алысқа танылған ауыл. Оның іргетасы 1913 жылы қаланған. Патша әкімшілігінің шешімімен қызыл саз балшық тастан  бекет (ғимарат) салынған.  Сол жылдан бастап осы қоныс Қызыл үй  атанып кеткен. Нарын құмында болған колхоздар кезінде оның бөлімшесі, ал 1957 жылы Чапаев атындағы совхоз құрылған кезінде №2 ферма орталығы болған.

1960 - 1984 жылдар аралығында ферманы Хатима Дайырова басқарған кезде оның атақ-даңқы республикаға танылды. Хатима Дайырова Ленин орденімен марапатталған. Фермадан малбегілер Батан Ыбыраев КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, Шәріп Сыдықов Қазақстанның еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері атанып, ондаған шопандар орден-медальдармен марапатталды.

Жиек пен құмның аралығына орналасқан елді мекеннің басында 30-дан астам үй бар. Төңіректе шаруашылықпен отырған үйлер көп. Мұнда негізгі мектеп, медпункт, клуб, кітапхана жұмыс істейді.

Қазіргі кезде 80 орындық жаңа мектеп құрылысы салынуда. «Таза су» бағдарламасымен елді мекенге су тарату ғимараты тұрғызылып, ауылішілік су желісі жүргізілді. Болашақта табиғи газ тарту жоспарланған.

Шалғай ауылдың әлеуметтік мәселелерінің шешілуі жастарды ауылда тұрақтандыруға, адамдардың мал шаруашылығымен айналысуына, жергілікті кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасайды. Жеке секторда тұрғын үй құрылысын салуға жер телімін сұраушылар саны көбейіп отыр.

Кезіндегі малбегілердің ұрпақтары ата кәсіпті жалғастырып, шаруа қожалықтарының иелері атанды. Ауылдық округте 82 шаруа қожалығы тіркелген. Олар мал тұқымын асылдандыру, өнім өндіруді арттыру бағытында жұмыс істеуде.

Қызылүй - аудан, округ орталығынан 40 км жерде орналасқан, табиғаты сұлу, шаруаға қолайлы қоныс. Нарын құмына шығатын қақпа іспетті. Құм өңірінде отырған шаруа адамдары оны орталық санайды. 

null null null 

Соңғы жаңалықтар