Атырау облысындағы қамыс өртін сөндіруге тікұшақ тартылады

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысындағы қамыс өртін сөндіруге Маңғыстаудан тікұшақ тартылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев әлеуметтік желідегі парақшасындағы тікелей эфирде айтты.

«Атырау облысында бір тікұшақ болған еді. Сол тікұшақ апатқа ұшырағаннан кейін жарамсыз болып қалды. Сол себептен, теңіз жағалауындағы өртті сөндіру үшін Төтенше жағдайлар министрлігі арқылы Маңғыстау облысынан тікұшақ алдыруға шешім қабылданып отыр», -деп хабарлады Жасұлан Бисембиев.

Оның айтуынша, қамыс өрті өздігінен тұтанбайды. Бұған адами фактордың әсері бар.

«Қазір аңшылық маусым басталды. Демалыс күндері аңға шығатындар, балық аулайтындар табиғат аясында тамақ пісіреді. Міне, қамыс өрті осындай себептен туындайтыны анық. Алдағы уақытта солтүстік Каспий аумағында балық аулауға, аңшылықпен айналысуға тыйым салу мәселесін қарастырып отырмыз. Бұл үшін Каспий теңізі жағалауының Астрахань облысы мен Маңғыстау облысына дейінгі аралығын «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерват аумағына берілуі қажет. Ал, табиғи резерваттың аумағында балық және аң аулауға тиым салынған», -деп мәлім етті Жасұлан Бисембиев.

Әкім орынбасарының айтуына қарағанда, өрт тұтануы мүмкін аумақты ерте анықтау қолға алынғалы отыр.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Каспий жағалауында жанған қамыс түтіні Атырауды басып қалғанын хабарлаған едік.

Кейін Каспий жағалауындағы қамыс өрті әлі толық сөнбегенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ, атыраулық тұрғын көшеге противогаз киіп шықты.


Соңғы жаңалықтар