Атырау облысындағы геоглифтер: Жұлдыз, тасбақа, күн ғибадатханасының құпиясы қашан ашылады

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Қазақ даласындағы құпиясы көп геоглифтер көп. Соның бірқатары Атырау облысының аумағынан табылды. Мұнда тасбақа, жұлдыз, күн ғибадатханасы, шеңбер, крест бейнеленген бірнеше геоглиф бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тарих ғылымдарының кандидаты, археолог Марат Қасеновтің айтуынша, Атырау-Каспий ойпатында ежелгі ескерткіштер өте көп. Өйткені, бұл өлкені адамдар мыңдаған жыл бұрынғы мезолит, неолит (жаңа тас) заманынан мекендей бастағаны тарихи деректерде

дәлелденген. Каспий теңізі жағалауының тылсым табиғаты көне заманан бұл аймаққа адамдардың жаппай қоныстануына себеп болған.

«Атырау облысындағы құм шағылдарда ежелгі адамдар мекен еткен тұрақтар көп

кездеседі. Бұл мекен-тұрақтардағы жәдігерлер кварцит, кремний жаңқалары, тас дәуіріндегі еңбек құралдары ретінде белгілі болып отыр. Бұлар топыраққа көмілген жабық

орындар емес. Құмды дөңдердiң көшуі салдарынан табылған», - дейді тарих

ғылымдарының кандидаты Марат Қасенов.

Ғалымның пікірінше, соңғы зерттеулер кезінде Нарын, Тайсойған, Бүйрек және

Сарықамыс құмдарынан көптеген көне мекен мен тұрақ анықталған. Құм арасынан мезолит, неолит, темір, ортағасырлық ескерткіштер мен кейінгі заманғы зираттар, құлпытастар көптеп кездескен. Сондай-ақ, Атырау-Каспий ойпатынан көптеген жұмбақ құрылыстар мен ескерткіштер табылған.

«Бұл ескерткіштерді бергі дәуірлердегі ескерткіштер қатарына қосуға келмейді. Олай деуімнің бірнеше себебі бар. Біріншіден, олардың қай кезеңде жасалғаны белгісіз.

Екіншіден, нендей мақсатпен салынғаны, қандай қызмет атқарғаны туралы деректер табылған жоқ. Мұндай құрылыстар ғылымда геоглиф деп аталады. Ғылыми анықтамада

геоглиф – жерге ойып салынған, ұзындығы төрт метрден асатын геометриялы немесе

бейнелі өрнек. Кейбір геоглифтер тым үлкен. Оларды тек әуеден ғана көруге болады» - дейді ғалым.

Оның айтуына қарағанда, геоглифтерді салудың бірнеше түрі бар. Бірі – жердің беткі қабатынан белгілі бір тереңдікке дейін қазып, таңба түсіру. Ал, екіншісі – арнайы қиыршық немесе ірі тастарды төсеп, бейне жасау. Үшінші түрі –ағаштарды белгілі бір бейне жасай отырып егу.

«Атырау жерінде тас, қиыршық тас, өсіп тұрған тал жоққа тән. Сол себептен, геоглифтер ор қазу, топырақ үю арқылы жасалған. Мұндай геоглифтердің көбісі биіктен ғана көрінеді.

Соңғы кезде аймақта ондаған геоглиф анықталып отыр. Оларды адамдардың жасағаны, немесе табиғаттың тылсым күшімен бейнеленгені әзірге белгісіз. Оны алдағы зерттеулер анықтамақ», -деп ой бөлісті Марат Қасенов.

Кейбір геоглифтер жақсы сақталған. Алдымен назар аударары – тасбақа. Бұл Қызылқоға ауданындағы Қарабау ауылынан 27 шақырымда солтүстік-батыста орналасқан. Көлемі – 900х400 метр. Құмды-сазды топыраққа жолақты сызықтармен тасбақа бейнесі салынған.

Екіншісі – крест. Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласынан 54 шақырым қашықта, оңтүстік-батыстан табылды. Крест салынған жер Каспий теңізінің жағалауынан шығысқа қарай 13 шақырым қашықта жатыр. Оның көлемі – 45х30 метр, ені – 8 метр.

Үшіншісі – күн ғибадатханасы. Диаметрі – 150 метр, сыртқы қамал-жал биіктігі – 2,5, ені 8 метр. Қамал-жалдың сыртын екі-үш қатар тізбекпен 196 апан шұңқыр айнала қоршап тұр. Шұңқырлардың диаметрі – 2-6 метр, ал, тереңдігі 1-2 метр шамасын құрайды. Солтүстік жақ бетіндегі шұңқыр төрт қатарға дейін барады.


Қамал-жал іші тегіс, алаң диаметрі 90 метрге жетеді. Оңтүстігінде жол бар, оның ені 6 метрге созылады.

«Күннің бейнесіне ұқсауына байланысты мұны күн ғибадатханасы дейді. Қазақстанда бұған ұқсас геоглиф кездескен жоқ. Қандай мақсатта салынғаны белгісіз болғанымен, оның уақыты шамамен біздің заманымызға дейін ІІ ғасыр деуге болады», -деген пікір білдіреді тарих ғылымдарының кандидаты Марат Қасенов.

Төртіншісі –жұлдыз. Оның көлемі – 225х150 метр. Бұл – 200 метрлік ұзын сызықтардан, диаметрі 10 метрлік 12 жұлдыз обадан тұратын геоглиф. Алғабас ауылының оңтүстік-шығысында 7 шақырым қашықта орналасқан.

Бесіншісі – төрткүл-шеңбер. Құрманғазы ауданындағы Батырбек ауылының батысында 2 шақырымда орналасқан оның диаметрі – 100 метр, төртбұрыш көлемі – 150х150 метр.


«Осындай геоглифтердің жасалуы туралы әр түрлі пікір айтылып жүр. Бірақ Атырау

өңіріндегі геоглифтер осы кезге дейін жүйелі зерттелмей келеді. Геоглифтерді зерттеу қолға алынар болса, біраз құпияны білуге жол ашылар еді», -дейді археолог.



Соңғы жаңалықтар