Атырау облысындағы Ақжайық резерватының аумағында тағы қамыс өртенді

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысындағы «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында тағы қамыс өртенді. Облыстық төтенше жағадайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, өрт 19 мамырда тұтанған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Каспий теңізінің жағалауына ғарыштан мониторинг жүргізу кезінде 19 мамыр сағат 16:15-те «Ақжайық» табиғи резерватының аумағында өрт ошағы тіркелді. Резерват қызметкерлерінің мәліметін тексеру кезінде қамыс өртінің Атырау қаласынан 25 шақырым қашықтағы Каспий теңізінің жағалауында тұтанғаны анықталды. Өрттің аумағы - шамамен 5 га», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.

Қамыс өртінен елді мекендерге қауіп төнген жоқ. Өртті сөндіру үшін «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватынан 10 адам, 2 қайық, 2 мотопомпа тартылған. Кеше кеште, 19 мамырда 3 гектар аумақтағы өрт сөндірілді. Жалынды сөндіру әлі де жалғасып жатыр.

Бұл – «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында тіркелген екінші өрт. Бұдан бұрын 21 сәуірде аталған резерватта 9 га қамыс өртенген еді.

Резерват Үкіметтің 2009 жылғы 6 ақпандағы №119 қаулысымен Жайық өзенінің сағасында құрылған. 2009 жылдың 1 сәуірінде Жайық өзенінің сағасы мен Каспий теңізі жағалауының аумағы халықаралық маңызы бар сулы-батпақты жерлер тізіміне енгізілді. Ал, 2014 жылы аталған резерват ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваттарының дүниежүзілік жүйесіне кірген. Мұнда құстардың 20, жәндіктердің 24, бауырымен жорғалаушылардың 2 түрі кездеседі.


Соңғы жаңалықтар