Атырау облысында жылына 12 млн бекіре шабағын өсіру жоспарланып отыр

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Атырау облысында жылына 12 млн бекіре шабағын өсіру жоспарланып отыр.

Бұл туралы облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің балық шаруашылығын дамыту мен балық қорын молайту мәселелеріне қатысты өткізген селекторлық кеңесінде белгілі болды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап. Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің мәліметінше, Атырау – республиканың тек мұнай астанасы ғана емес, сондай-ақ балық өнеркәсібін дамытуға қолайлы аймақ. Қазір елімізде ауланатын балықтың үштен бір бөлігі Атырау облысына тиесілі болып отыр.

«Жыл басында Үкімет басшысы Асқар Маминнің өңірге жұмыс сапары кезінде Атырау облысында балық өнеркәсібін дамыту мәселесіне қатысты арнайы жиын өткізілді. Оның қорытындысы бойынша бірқатар тапсырма берілген болатын. Сондай-ақ, кеше Үкімет отырысында да балық шаруашылығын дамыту мәселесі қаралды. Сондықтан, Атыраудың балық шаруашылығы – күн тәртібінен түспейтін мәселенің бірі. Облыста осы салада 5 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Тек өткен жылы 14 мың тонна балық ауланды» - деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.

Атырау облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлының айтуынша, биыл Жайық-Каспий бассейінінен көктемгі балық аулауға 7434 тонна квота бөлінген.

«Бөлінген квота аясында 6492 тонна балық ауланып, лимит 87 пайызға игерілді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 794 тоннаға артық. Балық аулау рұқсаттары арқылы көктемгі маусым ақпан айында басталды. Бұрын квотаның кеш бөлінуіне байланысты балық аулау маусымы сәуір айында басталып, көктемгі лимиттің игерілуіне кедергі болатын еді. Биылғы науқан коронавирус инфекциясының таралуына тұспа-тұс келсе де өз деңгейінде өтті», - деді облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлы.

Оның айтуынша, балық өнімдері Ресей Федерациясы, Украина, Өзбекстан, Әзербайжан, Грузия, Франция, Литва және Израиль елдеріне экспортталған. Қазір облыста 18 балық шаруашылығы кәсіпорнында 617 адам тұрақты, ал 4385 адам маусымдық жұмысқа тартылған. Сонымен бірге, бекіре тұқымдас балықтардың қорын сақтап қалу, молайту мақсатында жыл сайын Жайық өзеніне 7,5 миллионнан астам бекіре тұқымдас шабақтары жіберіліп келеді.

«Нәтижесінде, өткен жылмен салыстырғанда ауланған бекіре балығының көлемі биыл 1,2 есеге артып отыр. Қазір «Жайық-Атырау» бекіре балық өсіру зауыты мен «Атырау бекіре балық өсіру» зауытын біріктіру, қайта құрылымдау, қуаттылығын арттыру арқылы жылына 12 миллион шабақ өсіру жоспарлануда. Осыған қарай бұрын болмаған тоғанда балық өсіру жобасы басталды. Бұл мақсатта «Восток» және «Тілекші» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Абдулов» шаруа қожалығы тауарлы бекіре және тұқы тұқымдас балық түрлерін өсіру жұмыстарын қолға алуда» - деді Артур Сәдібекұлы.

Сондай-ақ, кеңесте кеңінен талқыланған мәселенің бірі – Жайық және Қиғаш өзендерінде су маржандарының қолайлы тіршілігі үшін өзен түптерін тереңдету. Осыған байланысты Атырау қаласында Яицкий арнасы, Құрманғазы ауданынында Ганюшкин және Жарқосы каналдарын (Шарон өзені) түп тереңдету жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде Жайық өзені түбінің 40 шақырымын тереңдету бойынша жұмыстары басталды. Осы кезге дейін 33 шақырымының жұмысы атқарылған. Ал, Қиғаш өзенінің 127 шақырымын тереңдету жоспарланған болса, оның 80 шақырымы тереңдетілді.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда Жайыққа бекіре тұқымдас балықтың 3,6 млн-нан астам шабағы жіберілген еді.



Соңғы жаңалықтар