Атырау облысында жылу маусымына дайындыққа 3 млрд теңге жұмсалды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында жылу маусымына дайындыққа 3 млрд теңге жұмсалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ерлан Назаров мәліметінше, биыл жылу беру маусымына дайындыққа 3 млрд теңге қаражат бөлінген. Оның ішінде жергілікті бюджеттен 1 млрд, кәсіпорындардың есебінен 2 млрд теңге жұмсалған.

«Коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындар мен мекемелердің қаражаты есебінен 15,6 шақырым жылу, 1,4 шақырым су және су бұру, 696,7 шақырым электр желілеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, облыста жылу беру маусымы қарсаңында 412 білім беру, 147 денсаулық сақтау нысаны толықтай сынақтан өтті. Ал, көпқабатты 1776 тұрғын үй дайындығы тексерілді. Оның ішінде 1751 тұрғын үй сынақтан өткізілді» - дейді Ерлан Назаров.

Оның айтуына қарағанда, 1 қазаннан бастап әлеуметтік сала нысандарына жылу беріле бастаған. Қазір 405 білім беру, 80 медицина нысанында жылу бар. Ал, көпқабатты тұрғын үйлерге 15 қазанда жылу беріледі.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда тағы да екі күн ыстық су берілмейтінін хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар