Атырау облысында жыл басынан бері 10 адам суға кетті
2022 жылғы 4 шілде 13:21

Атырау облысында жыл басынан бері 10 адам суға кетті

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында жыл басынан бері 10 адам суға кетті. Оның ішінде 3 адам шомылу маусымы басталған соң суға батқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Арыстанбек Түменовтің мәліметіне сүйенсек, өткен жылғы статистикамен салыстырғанда, суға кету дерегі 66,6% азайған.

«Суға батып кетудің негізгі себептері – ата-аналардың балаларды қараусыз қалдыруы мен жасөспірімдердің ересектердің бақылауынсыз өз бетімен шомылуы. Биылғы жыл басынан бері Атырау облысында 10 адам суға кетті. Ал, шомылу маусымы басталған 1 маусымнан бергі бір айда 3 адам суға кетіп, қаза тапты. Оның екеуі – кәмелетке толмаған бала. Ал, өткен жылы 28 адам, оның ішінде 10 бала суға батып, жантәсілім етті. Былтыр төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері 4 адамды, оның ішінде 2 кәмелетке толмаған жасөспірімді құтқарып қалды», -дейді Арыстанбек Түменов.

Оның айтуынша, облыстың су айдындарында адам өлімін болдырмау мақсатында төтеншеліктер полиция қызметкерлерімен, әкімдік өкілдерімен бірлесіп, күнделікті үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп отыр.

Оған күн сайын 273 адам, 44 автокөлік пен жүзу құралдары тартылған.

«Шомылу маусымы басталғалы бері Атырау қаласындағы, Жылыой мен Құрманғазы ауданындағы үш судан құтқару стансасында жедел-құтқару жасағының қызметкерлері тәулік бойы кезекшілікті атқарады. Биыл облыстың су айдындарында 238 аумаққа шомылуға тыйым салынды. Шомылуға рұқсат етілген және тыйым салынған орындар Атырауда 2gis қосымшасына енгізілді. Оқыс оқиғаның алдын алу үшін тұрғындарға қарапайым қағидаларды ұсынып отырмыз. Мәселен, «Шомылуға тыйым салынады» деген белгісі бар аумақта суға түсуге, жүзу шекарасы көрсетілген қалқыма белгілерді кесіп өтуге, кемеге, қайыққа, судағы басқа да құралдарға жақындауға, мас күйінде, тексерілмеген және жабдықталмаған жерлерде шомылуға, жүзуге арналмаған заттармен жүзуге болмайды. Қайықтардан, жағажайлардан, бекеттерден және осы мақсаттарға бейімделмеген басқа да орындардан суға секірмеу керек. Су қоймасында қауіпсіздік белгілерін өз бетінше алып тастауға, бүлдіруге немесе орнатуға тыйым салынады», -деп мәлім етті Арыстанбек Түменов.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда 2gis қосымшасына суға түсуге тыйым салынған аумақтар енгізілгенін хабарлаған болатынбыз.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT