Атырау облысында жол ережесін бақылайтын мобильді қосымша іске қосылды
2022 жылғы 2 мамыр 00:40

Атырау облысында жол ережесін бақылайтын мобильді қосымша іске қосылды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында жол ережесін бақылайтын мобильді қосымша іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Берік Амангелдінің айтуынша, «Қорғау – Қауіпті жүргізуші» мобильді қосымшасы – жол ережесін тиімді бақылауға, жазаны бұлтартпау қағидатын сақтауға арналған автоматты жүйе.

«Мобильді қосымшамен жұмыс істеу үшін полиция қызметкерлері жаңа үлгідегі 100 планшетпен жабдықталды. Қазір облыс жолдарында орнатылған 1 224 мың автоматты камера бар. Оның 51-і жол қиылыстарында, 153-і желілік учаскелерде орналасқан. Камералардың көмегімен жыл сайын 120 мыңға жуық жол қозғалысы ережелерін бұзу жағдайлары анықталады. Енді «Қорғау – Қауіпті жүргізуші» мобильді қосымшасына «Сергек» камералары мен жедел басқару орталығының мәліметтері бірден көрсетілетін болады. Бұл жол ережесін бұзатын көлік жүргізушілерін жылдам анықтауға мүмкіндік береді. Полиция қызметкерлері планшет арқылы жүргізушінің қозғалыс орны туралы мәліметті көре алады. Оның ішінде көлікті жалған нөмірмен басқаратын жүргізушілер, техникалық байқаудан өтпеген немесе сақтандыру полисінсіз көлік жүргізгендер, ұстау қажеттілігі туралы ақпарат түскен жүргізушілер, 10 минут ішінде екі немесе одан да көп жол ережесін бұзғандар туралы мәліметтер бар», -дейді Берік Амангелді.

Оның айтуына қарағанда, жаңа үлгідегі планшеттер патрульдік полиция қызметкерлерінің қызмет кезінде ақпараттарға колжетімділігін арттырады. Көлік жүргізушінің де, полиция қызметкерлерінің де уақытын үнемдеуге септігін тигізеді. Басты артықшылығы айыппұл туралы ақпарат дереу ІІМ деректер базасына түседі.

Сондай-ақ, бұл бағдарлама бұзудан қорғалған. Планшеттер ұялы байланыс операторларының бірінің арнайы арнасы арқылы мәліметтер базасымен байланыс орнатады. Ал, полицейлер бағдарламаға кіріп, хаттаманы жоя алмайды.

Еске сала кетелік, бұған дейін «Сергек» камераларының көмегімен Атырауда үш айда 97 қылмыс ашылғанын хабарлаған едік.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT