Атырау облысында жол ережесі республикалық трассаларда жиі бұзылады

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау жолдарында жыл басынан 20 мыңнан астам құқық бұзу фактісі тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жолда жүру ережесін бұзу республикалық маңызы бар трассаларда жиі болады.

«Биылғы жыл басынан бері мұнайлы өңірдегі облыстық және республикалық маңызы бар автокөлік жолдарында жүргізушілер жасаған 20 мың 418 әкімшілік құқық бұзушылық дерегі тіркелді. Оның ішінде Ресей Федерациясының шекарасына дейін созылған жолда – 5 848, «Атырау-Ақтөбе» тасжолында – 5 177, «Атырау-Орал» бағытындағы күре жолда – 4 717, «Доссор-Құлсары-Бейнеу» жолында 4 736 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Жолда жүру қағидаларының талаптарын бұзғандар арасынан 3 898 жүргізуші жылдамдықты шектен тыс асырғаны үшін ұсталды», - деп хабарлады департаменттің баспасөсз қызметінен.

Қазір патрульдік полиция ротасының жеке құрамы жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізіп жатыр. Рейд 18 тамызға дейін жалғасады.

«Атырау облысының тұрғындары мен көлік жүргізушілеріне жолда жүру қағидаларын қатаң сақтауды ескертеміз. Бұл үшін жол-көлік оқиғасының алдын алу үшін қарсы бағыттағы жолаққа шықпау, жаяу жүргіншілерге жол беру, жол қиылыстарынан өту ережесін бұзбау, жылдамдықты шамадан тыс асырмау қажет. Әсіресе, алдында қозғалып бара жатқан көлікті басып озу кезінде өте мұқият болған жөн», - деді ведомствоның баспасөз қызметінен.

Еске салайық, бұған дейін Атырау облысында 7 айда жол апатынан 49 адам көз жұмғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар