Атырау облысында жол апатынан екі жолаушы көз жұмды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында екі көлік соқтығысып, жол апатынан екі жолаушы көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жол-көлік оқиғасы бүгін, 2 қаңтарда жергілікті уақытпен сағат 11:50 шамасында болған.

«Атырау облысының аумағымен өтетін «Доссор-Бейнеу» тас жолының 147-шақырымы тұсында екі көлік соқтығысты. Көліктің бірі – Priora, екіншісі – Toyota Alphard. Жол-көлік оқиғасының салдарынан «Priora» автокөлігіндегі 2021 және 1985 жылғы жолаушылар оқиға орнында қаза тапты», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.

Қазір полиция қызметкерлері аталған жол-көлік оқиғасына байланысты тиісті іс-құжаттар жинақтап жатыр.

Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ерлан Биғамбаевтың дерегіне қарағанда, былтырғы 11 айда облыс аумағында 326 жол-көлік оқиғасы тіркелген.

Жол апатынан 391 адам жарақат алған, 89 жолаушы жантәсілім еткен.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда екі көлік соқтығысып, бір адам мерт болғанын хабарлаған едік.

Бұл жол апаты Атырау қаласында тіркелген. Chevrolet Cobalt көлігінің жүргізушісі жолдың қарсы бағытына шығып кеткен. Соның салдарынан Lexus көлігіне соқтығысқан Сhevrolet Cobalt-та отырған 50 жастағы жолаушы оқиға орнында қаза тапқан.

Сондай-ақ, Атырау облысында 5 адам мерт болған жол апатына кінәлі жүргізуші сотталды.

Жол-көлік оқиғасы былтырғы 14 қаңтарда сағат 10:20 шамасында Жылыой ауданында болған. «Honda Odyssey» маркалы автокөлігін жүргізіп келе жатқан жүргізуші «Ваз-211540» маркалы автокөлігімен соқтығысқан.

Жол-көлік оқиғасының салдарынан «Ваз 211540» маркалы автокөлігіндегі жүргізуші мен 3 жолаушы, «HondaOdyssey» маркалы автокөлігіндегі 1 жолаушы қаза болған.

Сот үкімімен жүргізуші ҚР Қылмыстық кодексі 345-бабының 4-бөлігімен кінәлі деп танылып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Фото: Атырау облысы полиция департаменті


Соңғы жаңалықтар