Атырау облысында жоғалып кеткен Өзбекстан азаматы табылды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында із-түзсіз жоғалып кеткен Өзбекстан азаматы 3,5 сағаттан кейін табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, Өзбекстан Республикасының азаматы Мақат ауданында жоғалып кеткен.

Өзбекстан Республикасының 38 жастағы азаматы жерлесінің көлігімен Ресей Федерациясынан келе жатқаны анықталды.

Ол «Атырау – Доссор» бағытындағы жолдың бойында көліктен түсіп, белгісіз бағытқа кетіп қалған.

«Мақат аудандық полиция бөліміне көрші ел азаматының жоғалғаны туралы хабар кеше, 20 ақпанда түнгі сағат 22:30 шамасында түсті. Осыған байланысты полиция қызметкерлері жедел іздестіру іс-шарасын жүргізді. Доссор кентіндегі полиция бөлімшесінің қызметкерлері шетелдік азаматты бүгін, 21 ақпанда жергілікті уақтыпен сағат 02:00 шамасында тапты. Із-түзсіз жоғалған Өзбекстан Республикасының тумасының Мақат ауданындағы №469 теміржол бекетінің тұсында жүргені анықталды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында жоғалып кеткен малшы бір күннен кейін аман табылған еді.

Индер ауданының Өрлік ауылынан 30 шақырым қашықтықтағы «Аманғали» қыстағынан түйемен шыққан малшы 16 ақпанда жоғалған. Құтқарушылар оны бір күннен кейін қыстақтан 5 шақырым қашықтықтан тапты. Малшы зардап шекпеген, үсік шалмаған.

Кейін жанармайы таусылып, далада қалған көліктен 4 адам құтқарылды.

Ақтөбе облысының Байғанин ауданындағы Миялы ауылынан 4 адам көлікпен жолға шығып, Атырау облысындағы Құлсары қаласына бармақ болған.

Алайда, жолаушылар көліктің жанармайы таусылып, елсіз далада қалып қойған.

Жолаушылар Құлсары қаласынан 120 шақырым қашықтықтағы «Намазтақыр» учаскесінен табылды.

Көлікте 1976, 1979 жылғы екі ер адам, 44 жастағы әйел мен 2018 жылы туған қыз болған.


Соңғы жаңалықтар