Атырау облысында жеңіл көлік Жайыққа батып кетті

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында жеңіл көлік Жайыққа түсіп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Махамбет аудандық әкімдігі ұйымдастыру, жұмылдыру дайындығы және мемлекеттік қызмет сапасын бақылау бөлімінің бас маманы Н.Бердіғалиевтың мәліметінше, оқыс оқиға кеше, 15 наурызда болған.

«Кешкі сағат 19:05 шамасында Махамбет ауылының тұрғыны меншігіндегі «Нива Шевроле» автокөлігімен Жайық өзенінің үстімен өтпек болған. Алайда, «Өткел» елді мекені тұсында жұқа мұз жарылып, автокөлік суға бата бастаған. Жүргізуші көліктен шығып, жағалауға жеткен. Содан соң аудандық төтенше жағдайлар бөліміне хабарлаған», - деп мәлім етті Н.Бердіғалиев.

Оның айтуынша, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің 3 сүңгуір-құтқарушысы келіп, су астындағы көлікті сүйреп шығару ішін тросс байлаған. Суға батқан көлік бүгін, 16 наурызда сағат 13:40-та жағалауға шығарылған. Оған аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің 6 қызметкері, 2 трактор, полиция қызметкерлері жұмылдырылды.

«Жайық өзенінде қатқан мұз үстімен автокөлікпен өтуге тыйым салынған. Соған қарамастан, бұл – ауданда тіркелген екінші дерек. Бұдан бұрын, 7 наурызда Жалғансай ауылы тұрғынының басқаруындағы «Лада Гранта» автокөлігі Жайық өзеніне түсіп кеткен еді. Мұндай оқыс оқиғаның орын алуына көлік жүргізушілерінің қауіпсіздікті сақтамай, белгіленбеген жерлерден өтуге ұмтылуы себеп болып отыр» - дейді Н.Бердіғалиев.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда жүк тиегіш көліктің каналға түсіп кеткенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар