Атырау облысында жайылымның 32 мыңға жуық гектары шегірткеге қарсы өңделді

None
Фото: Агроөнеркәсіп кешеніндегі МИ комитеті Атырау обыстық аумақтық инспекциясының бөлімі
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында жайылымның 32 мыңға жуық гектарына шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмысы жүргізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті Атырау обыстық аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Әбила Қазиеваның мәліметінше, биыл шегірткеге қарсы 31 900 гектар жайылымға химиялық өңдеу жүргізілген.

«Атырау облысында шегірткелерге қарсы жұмысты ұйымдастыру мақсатында жедел әрекет ету штабтары құрылып, тиісті түсіндіру жұмыстары атқарылды. Жайылымдық аумақтың 3 800 гектары итальян прусына қарсы «Вантекс» пестицидімен, ал 28 100 гектар жер азиат шегірткесіне қарсы «Локустин», «Тарзан» пестицидтерімен өңделді. Шегіртке зиянкестерінің ошағын анықтау үшін 16 GPS навигатор мен планшеттер пайдаланылды. Бұл жұмысқа штаттық бірліктегі 16 автокөлік пен саланың 40 маманы тартылды. Оған қоса 6 жалдамалы автокөлік пен 14 анықтаушы қосымша алынып, дельталеттерде 2 ұшқыш пен 2 оператор, жерүсті бүріккішінде 1 оператор мен 1 жүргізуші, барлығы 35 автокөлік пен 60 адам жұмысқа жұмылды. Өңдеу жұмыстарымен екі мердігер компания айналысты. Мәселен, «АвиаСила» ЖШС 2 дана дельталетімен әуеден, Батыс Қазақстан облысында тіркелген «Магтоксин» ЖШС бір атомайзерлі бүріккіш аппаратымен жерүстінен бүрку әдісімен химиялық өңдеу жұмысын жүргізді. Пестицидтердің биологиялық тиімділігі 96-97 пайызды құрады», -дейді Әбила Қазиева.

Оның айтуынша, биыл ауа райына байланысты басқа да зиянкестердің белсенділігі артқан. Мәселен, Қызылқоға ауданында жусан күйесі, барлық аудандар мен қала маңында шалғын мен ошаған көбелектері кеңінен таралған.

«Биылғы 10 маусым күні Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 наурыздағы №282 бұйрығына өзгеріс енгізіліп, шалғын көбелегі аса қауіпті зиянды организмдер тізіміне енгізілді. Енді шалғын күйесіне қарсы фитосанитариялық іс-шараны жүргізу үшін жергілікті бюджет есебінен қаражат бөлінеді. Сөйтіп, оған қарсы химиялық өңдеу жүргізіледі», - деп мәлім етті Әбила Қазиев.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында шалғын көбелегінен 100-ге жуық шаруашылық зиян шеккенін , Атырау облысында шалғын көбелегіне қарсы 4,5 мың гектар алқап өңделгенін хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар