Атырау облысында Жайыққа батқан аудан әкімінің мәйіті табылды

Фото: None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында Жайық өзеніне батқан аудан әкімінің мәйіті табылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпаратына қарағанда, Махамбет ауданының әкімі Ринат Жанқылыштың денесі бүгін, 1 тамызда кешке жақын Жайық өзенінен табылған.

«Қазір құзырлы органдар осы дерек бойынша тексеру жүргізіп жатыр. Ринат Жанқылыш 2021 жылдың ақпан айынан бері Махамбет ауданының әкімі лауазымын атқарды. Ол өз ісінің кәсіби маманы ретінде әріптестерінің есінде қалады. Атырау облысының әкімі, барша әріптестері Ринат Бауыржанұлының мезгілсіз дүниеден өтуіне орай марқұмның отбасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтады», -делінген өңірлік коммуникациялар қызметі таратқан ақпаратта.

Бұдан бұрын Атырау облысында Жайыққа батқан аудан әкімі әлі табылмағанын жазған едік.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, Махамбет ауданының әкімі 31 шілдеде сағат 20:30 шамасында Жайық өзеніне суға түскен. Алайда, өзеннен қайта шықпай қалған.

Бүгін, 1 тамызда жергілікті уақытпен сағат 6:10 шамасында іздестіру жұмыстары басталды. Іздестіру жұмыстарына төтенше жағдайлар департаментінен 9 қызметкер мен 2 жүзу құралы тартылды. Аудандық полиция бөлімінен 10 қызметкер, туыстарынан 15 адам көмекке келген.

Ринат Жанқылыш Махамбет ауданының әкімі лауазымына 2021 жылғы ақпан айында тағайындалған.

Ол 1982 жылы 2 желтоқсанда Атырау қаласында дүниеге келген. Білімі жоғары, 2003 жылы Қазақ мемлекеттік заң университетінде, 2011 жылы Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетінде, ал 2017 жылы Атырау мұнай-газ университетінде заңгер, экономист және мұнай-газ ісі мамандығы бойынша білім алған. Еңбек жолын 2005 жылы Алматы қалалық экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінде тергеуші болып бастаған. 2006-2018 жылдары бірнеше жеке кәсіпорында басшылық еткен. Ал, 2018-2019 жылдары Атырау қаласы мәслихатының хатшысы, 2019-2020 жылдары Атырау қаласы әкімінің орынбасары лауазымын атқарған.


Соңғы жаңалықтар