Атырау облысында Жайық өзенінің жағалауын бекіту мерзімінен кешігуі мүмкін

None
Фото: Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында Жайық өзенінің жағалауын бекіту мерзімінен кешігуі мүмкін, деп хабарлайды ҚазАпарат.

Бұл туралы Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің Махамбет ауданына сапары кезінде белгілі болды.

Өңір әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, аудан орталығы – Махамбет ауылының тұсында Жайық өзенінің 4,5 шақырым жағалауын бекіту жұмыстары 2021 жылы басталған. Содан бері жағалауда бірнеше циклды жұмыстар атқарылған.

«Қазір өзен жағалауында көлбеу, кері сүзу сүзгісін қалыптастыру, монолитті ростверк құю, оны сыммен тоқу, бағаналар мен темір шпунт қағу, тасты қабатты орналастыру секілді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жағалауды бекіту жобасын биылғы шілдеде аяқтау жоспарланған. Алайда, қазір мұнда жұмыс күшінің тапшылығы байқалады. Техника саны да жеткіліксіз. Жұмыс тиісті деңгейде ұйымдастырылмаған. Өндірістік жұмыстар бекітілген кестеден кешігіп жатыр. Бұл кемшіліктер жұмыстың уақытылы аяқталмай қалуына себеп болуы мүмкін», -деп хабарлады баспасөз қызметі.


Бұл аудандағы Алға ауылының тұсында да өзен жағасын бекіту жұмыстары қолға алынған. Жағалауда бірінші және екінші арнаны қазу, 800 метр бағана қағу, ӘЖ-10 желісін ауыстыру жұмыстары жүргізілуде.

«Сәуір айында қажетті материалдар жеткізіледі. Содан соң қазылып алынған топырақты арнайы орынға тасымалдау жұмыстары басталады», -деп мәлім етті әкімдіктің баспасөз қызметінен.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында Жайық өзенінің жағалауын бекітуге 12 млрд теңге бөлінгенін хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар