Атырау облысында Жайық өзені арқылы айналма жолдың құрылысы басталды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында 26 шақырымдық алғашқы айналма жолдың құрылысы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының бөлім басшысы Нұрлан Жантуриннің айтуынша, айналма жол Жайық өзені арқылы салынады.

«Атырау облысында халықаралық автожол дәлізінде орналасқан айналма жол болған жоқ. Сол себептен, Ресей арқылы келетін ауыр жүк көліктері өзге өңірлерге қатынау үшін Атырау қаласы арқылы өтетін жолмен жүруге мәжбүр. Ауыр жүк көліктері қалаішілік жолдардың сапасын бұзады. Тар көшеде көлік кептелісі туындайды. Енді құрылысы басталған «Солтүстік айналма жол» осындай мәселенің түйінін шешеді», - деп хабарлады Нұрлан Жантурин.

Оның мәліметіне сүйенсек, Жайық өзенінің оң жағалауындағы «Атырау – Орал» республикалық тасжолының 10-шы және сол жағалаудағы «Атырау – Индер» облыстық жолының 9-шы шақырымын қосу үшін көпір салынады. Айналма жолдың ұзындығы – 26 шақырым.

«Екі күре жолмен қиылысатын 2 жолайырығы мен өзен үстінен 1 көпір салынады. Қазір филиалдың мамандары жол құрылысына пайдаланылатын топырақ қабатынан сынама алды. Сынама зертханада тексеріледі», - деп мәлім етті Нұрлан Жантурин.

Екінші категорияға жатқызылған 1 жолақты жолға «ҚазАвтоЖол» компаниясы тапсырыс берген. Ал мердігер ретінде «Азвирт» пен «Ақжол құрылыс» компаниялары таңдалған. Жол құрылысын 2024 жылдың соңына таман аяқтау көзделген.

Еске салайық, бұдан бұрын Атыраудан Ресейге қатынайтын жолдың екі учаскесінде құрылыс жұмысы аяқталғанын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар