Атырау облысында «Жайлы мектеп» аясында 12 білім ордасы салынады

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасымен 12 білім ордасы салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің дерегіне қарағанда, қазір оқушылар жалпы орта білім беретін 200 мектепте дәріс алады.

Оның ішінде 199 мемлекеттік, 11 жеке меншік, қазақ тілінде 138, орыс тілінде 4, аралас 58 мектеп пен 1 кешкі-ауысымдық бөлімше бар.

Демографиялық көрсеткіштің қарқынды өсуінің нәтижесінде білім алушылар контингентінің өсімі байқалып отыр. Мәселен, 2015 жылы 109 392 оқушы білім алса, биыл оның саны 143 481-ге жетті.

Осыған орай білім беру нысандарымен қамтамасыз ету үшін бірқатар жобалар қолға алынды.

«Президент ұсынған «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы аясында 2023-2025 жылдары 12 мектептің құрылысын салу көзделіп отыр. Атап айтқанда, Атырау қаласындағы Жұлдыз-2, Жұлдыз-3, Ақсай-2 шағын аудандарының әрқайсысына 900 орындық, Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры аумағы мен Лесхоз шағын ауданында 2000 орындық мектеп бой көтереді. Мұнайлы шаһар маңындағы Сарыөзек ауылында 300 орындық, Береке ауылы мен Водников шағын ауданында, Құлсары қаласының Атырау шағын ауданында 1200 орындық, Құрманғазы ауданының Құрманғазы мен Ақкөл ауылдарында және Қызылқоға ауданындағы Сағыз ауылында 600 орындық орта мектепті салу жоспарда тұр», -деді Жасұлан Бисембиев.

Қазір Атырау облысында 4 апатты мектеп тіркелген. Ал, 15 мектеп пен 1 жапсаржайдың құрылысы жүргізіліп жатыр.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда 600 орындық жаңа мектептің құрылысы аяқталғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар