Атырау облысында жасы 100-ден асқан екі әжей үйден дауыс берді

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында жасы 100-ден асқан екі кейуана үйден дауыс берді. Оның бірі Атырау қаласында, екіншісі Құрманғазы ауданында тұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ғасырдан да ұзақ ғұмыр жасаған Балзиба Мажитова 1918 жылы дүниеге келген. Биыл жасы 104-ке толған. Ол соғыс жылдары тылда еңбек етіп, 12 құрсақ көтерген.

Қазір Атырау қаласында тұрады. Жасы ғасырдан асқан шағында 11 шөбере, 17 жиен, 34 жиеншар, 1 шөпшектің қызығын көріп отыр.

«Біздің өміріміз қиындықпен өтті. Ашаршылықты да, соғысты да көрдік. Соғыстан кейінгі бейбіт өмірде қираған шаруашылықты қалпына келтіруге атсалыстық. Сол қиындықтың бәріне төзіп, мойыған жоқпыз. Алдағы өмірден үмітіміз көп еді. Бүгінгі тәуелсіз еліміздің жастары қиындықты көрмесе екен. Еліміздің тәуелсіздігі мәңгі, жұртымыз тыныш болсын», -дейді Балзиба Мажитова.

Ал, 102 жастағы Шәміл Өміржанова – Құрманғазы ауданындағы Бұзаусылан ауылының тұрғыны.

Тыл ардагері 7 қызы мен 2 ұлынан 8 немере, 80 жиен-жиеншар, 15 шөбере сүйіп отыр.

«Еліміздің іргесі берік болсын. Қазақтың жастарының білімді, өнегелі, бір-бірімен тату болғанын қалаймын. Сонда ғана елдің болашағы жарқын болады», -деп батасын берді Шәміл Өміржанова.

Атырау облысында үйден дауыс беруге 773 өтініш түскен. Оның ішінде мүгедек, созылмалы сырқаты бар, жүріп-тұруы қиын қариялар бар.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда үшінші егізін күтіп жүрген ана дауыс бергенін жазған едік.


Соңғы жаңалықтар