Атырау облысында жастар саясаты мәселелеріне 224 млн теңге бөлінді

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында жастар саясаты мәселелеріне бюджеттен 224 млн теңге бөлінген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен өткен селекторлық жиында жастар саясаты мен діни ахуалға қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Жиынға тиісті басқарма басшылары мен онлайн режимде аудандардағы жауапты мамандар қатысты.

Облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Қанат Әзмұхановтың айтуынша, өңір тұрғындарының 133 мыңнан астамын жастар құрап отыр. Оның ішінде 74 мыңы экономикалық белсенді санатқа жатады.

«Биыл жастар саясаты мәселелеріне жергілікті бюджеттен 224 млн теңгеден астам қаржы қарастырылып отыр. Атырау қалалық, аудандық Жастар ресурстық орталықтары арқылы жастарға ерікті негізде қоғам өміріне қатысу, құзыретін дамыту, бастамаларын қолдау іске асырылып жатыр. Қазір Жылыой, Махамбет, Мақат аудандарында NEET санатындағы жастармен жұмыс жөніндегі қосымша бір штат бөлінді», -дейді ол.

Ал облыстық Дін істері басқармасының басшысы Қайролла Көшқалиевтің мәліметіне сүйенсек, өңірде 51 діни бірлестік пен филиал тіркелген. Оның ішінде 37 исламдық, 3 православиелік, 3 католиктік, 1 кришнаизм және 7 протестанттық бірлестік бар.

«Қазір Абу Ханифа мазхабын ұстанушылар да қыздардың мектепке орамал тағып келуін көтере бастады. Кейбір ата-аналар өз ұл-қыздарын «орамалға» рұқсат ететін шетелдік білім беру орындарына ауыстырып жатқаны байқалады. Осыған байланысты Білім беру басқармасы мұндай оқушыларды бақылауға алып, елге қайтару жолдарын қарастыруы қажет. Облыстық Дін істері басқармасына тағы бір қосымша бөлім ашып, 3 қызметкермен толықтыру керек», -д еп мәлім етті Қайролла Көшқалиев.


Соңғы жаңалықтар