Атырау облысында жас жұбайлар некесін қиған соң сайлау учаскесінде дауыс берді

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында некесін қидырған жас жұбайлар дауыс берді. Олар бүгін отбасын құрған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жас жұбайлар Бейбарыс Төлегенов пен Ару Нысанбекқызы Исатай ауданындағы Аққыстау ауылында тұрады.

Олар бүгін, 20 қарашада жүрек қалауымен отбасын құрып, некесін қидырған.

Жас жұбайлар некесін қидырған соң №133 сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді.

«Бүгін – біз үшін ешқашан ұмытылмайтын күн. Өйткені, бүгін отбасын құрып, некемізді қидыруды алдын ала ойластырған едік. Бірақ, президент сайлауы өтетін күн екенін білген жоқпыз. Енді біз үшін бұл күннің маңызы екі еселеніп отыр. Біріншіден, бүгін некемізді қидырдық, екіншіден, бүгін ел болашағы үшін маңызды таңдау жасап, дауыс бердік», -дейді Бейбарыс Төлегенов.

Оның айтуынша, үйлену тойы бүгін кешке өтеді.

Атырау облысында 409 949 сайлаушы 261 сайлау учаскесінде дауыс берді. Кешкі сағат 20:00-дегі мәліметке сәйкес, сайлаушылардың 70,87 пайызы таңдау жасап үлгерген.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда үшінші егізін күтіп жүрген ана, кейін Бауыржан Момышұлы дауыс бергенін хабарлаған болатынбыз.

Сондай-ақ, Қазақстанның Еңбек Ері Ілия Жақанов пен жасы 100-ден асқан екі әжей үйден дауыс бергенін жазған едік.


Соңғы жаңалықтар