Атырау облысында жаппай тәртіпсіздікке қатысқан 497 адам ұсталды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында жаппай тәртіпсіздікке қатысқан 497 адам ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облысының коменданты – облыстық полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиевтің айтуынша, жаппай тәртіпсіздік кезінде бұзақы топтар тарапынан

полиция қызметкерлері мен әскерилерге қарсы күш қолданылып, қорғаныс құралдарын тартып алу деректері тіркелген.

«Төтенше жағдай кезінде жүргізілген жедел іс-шаралар нәтижесінде блок бекеттерден 10-нан астам аңшы пышағы, Атырау қаласының аумағында 5 адамнан 896 таблетка түріндегі, 236 ампула түріндегі, 150 түтікке салынған уыттылық әсері жоғары психотроптық дәрілер мен 2 тапанша тәркіленді. Жаппай тәртіпсіздікке қатысқан 497 адам анықталып, ішкі істер органдарына жеткізілді. Ұсталған күдіктілерге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.

Сондай-ақ, аймақта антитеррорлық операция жалғасып жатыр. Соған қарамастан түнгі сағат 23:00-ден таңғы сағат 7:00-ге дейін коменданттық сағат талаптарын бұзған 137 дерек тіркелді. Осыған байланысты әкімшілік іс қозғалып, жауапкершілікке тартылды», -дейді Атырау облысының коменданты Қамза Үмбетқалиев.

Облыс коменданты төтенше жағдайға байланысты тәртіп сақшылары мен өзге де жауапты мамандардың жұмысына түсіністікпен қарауға, терроризмге қарсы операциялар кезіндегі шектеулерге сабырлық танытып, сақтық шараларын сақтауға шақырды.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында коменданттық сағат талабы 121 мәрте бұзылғанын хабарлаған едік. Сондай-ақ, есірткі жарнамалайтын 17 сайт бұғатталған болатын.


Соңғы жаңалықтар