Атырау облысында заңсыз қару сақтаған 6 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында құқық бұзушылардан 132 қару тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 17 мамырдан бері «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр.

«Полиция қызметкерлері Атырау қаласы аумағындағы 79 қыстақ пен 2 641 қару иесін тексерді. Осы кезге дейін 222 құқық бұзушылық анықталып, 132 қару тәркіленді. Оның ішінде 120 тегіс ұңғылы аңшылық, 5 иір ойықты қару мен 7 газ тапаншасы бар. Қаруды заңсыз сақтағаны үшін 6 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.

Сондай-ақ, 191 адамға қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 484-бабымен (Азаматтық, қызметтік, марапаттық, коллекциялық қаруды, оның патрондарын иелену, беру, есепке алу, сақтау, пайдалану, тасымалдау, Қазақстан аумағына әкелу, Қазақстан аумағынан әкету және ҚР аумағы арқылы транзитпен өткізу тәртібін бұзу), 31 азаматқа қатысты аталған кодекстің 486-бабымен (Азаматтық, қызметтiк, марапаттық, коллекциялық қаруды тiркеу (қайта тiркеу) не оны есепке қою тәртібін бұзу) әкімшілік хаттама толтырылған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда 29 жастағы жігіт әлеуметтік желі арқылы қару сатпақ болғанын, ал, бір тұрғын атасының ескі қаруын полицияға тапсырғанын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар